Көліктік-транзиттік саладағы ынтымақтастықты нығайту Қазақстан мен Болгарияның назарында

Көліктік-транзиттік саладағы ынтымақтастықты нығайту Қазақстан мен Болгарияның назарында

София, 2024 жылғы 19 наурыз – Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі мәселелерін талқылау мақсатында Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Христо Алексиевпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты экономикалық өзара
іс-қимылдың, атап айтқанда Еуропа, Орталық Азия елдері және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) өсіп келе жатқан рөлі тұрғысында көлік-логистика саласындағы байланыстарды дамытудың перспективаларын қарастырды.

Елші В.Темірбаев Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің көлік-логистика әлеуетін дамытуға бағытталған тапсырмаларын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат Үкіметтің Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүк және транзиттік тасымалдардың артуы жағдайында елдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ ТХКБ бойындағы қазақстандық порттар – Ақтау және Құрықтың қуаттылығын арттыру бойынша қабылдап жатқан шараларымен таныстырды.

Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі жоғары деңгейдегі байланыстарды жандандыру мақсатында Х.Алексиевті алдағы Астана халықаралық форумы (13-14 маусым) және VII «New Silk Way» көлік-логистикалық бизнес-форумына (19-21 маусым) қатысуға шақырды.

Өз кезегінде, Х.Алексиев Қазақстан мен Болгария арасында көлік-транзиттік саладағы ынтымақтастықты нығайту үшін орасан зор әлеуеттің бар екендігін атап өтіп, өзара тиімді жобаларды, оның ішінде ТХКБ шеңберінде, іске асыру бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендігін жеткізді. Оның айтуынша, ТХКБ-ны дамыту мақсатындағы белсенді өзара іс-қимыл сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ұлғайтуға серпін береді.

Кездесу соңында тараптар барлық өзекті мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыруға уағдаласты.

 

Х. Алексиев бұған дейін «Бургас порты» АҚ Басқарма төрағасы (2017-2021 жж.), БР Көлік, ақпараттық технологиялар және байланыс министрі (2021 ж.) және БР Премьер-Министрдің экономикалық саясат жөніндегі орынбасары - Көлік және байланыс министрі (2022-2023 жж.) қызметтерін атқарған.