Болгариядағы академиялық қауымдастықтың Қазақстанға қызығушылығы артуда

Болгариядағы академиялық қауымдастықтың Қазақстанға қызығушылығы артуда

София, 2024 жылғы 18 наурыз - Білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Әулие Клемент Охридски атындағы София университетінің жаңадан сайланған ректоры Георгий Вълчевпен кездесті.

Кездесу барысында София университеті мен қазақстандық жоғары оқу орындар арасындағы ынтымақтастық перспективаларына қатысты жан-жақты пікір алмасу өтті.

Жоғары білікті кадрларды даярлау жөніндегі мемлекеттік міндеттерді орындауға үлес қосу тұрғысында Қазақстан Елшісі София университетінің басшылығын байланыс орнатуға және оқу орындары желісі бойынша одан әрі өзара тиімді әріптестік орнатуға жақсы мүмкіндік беретін «International Education Fair» (2024 жылғы күзде, Астана және Алматы ққ.) халықаралық білім беру көрмесіне қатысуға шақырды.

Кездесу аяқталғаннан кейін қазақстандық дипломат София университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттері үшін «Заманауи Қазақстан» тақырыбында арнайы дәріс өткізді. Елші В.Темірбаев Қазақстан тәуелсіздігінің 33 жылы ішінде ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық және конституциялық реформалар жүргізілгенін және олардың іске асырылуы елдің әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің қатарына кіруін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.  

В.Темірбаев тыңдаушыларды еліміздегі жастарды мемлекеттік қолдаудың қабылданып жатқан шараларымен және қызметтің барлық салаларында дарынды жастарды ынталандыру бағдарламаларымен жан-жақты таныстырды.

Сонымен қатар, болгар студенттері Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен және дәстүрлерімен, сондай-ақ екі халықтың тарихи ортақтығымен танысты. Қазақстандық дипломат бүкіл түркі әлеміндегідей Қазақстанда жыл сайын бай рухани мұрамыздың, ұрпақтар арасындағы ажырамас байланыстың, жаңару мен жаңа өмірге деген ұмтылыстың жарқын символы болып табылатын Наурыз мерекесі атап өтілетінін айтты.

«Q&A» форматындағы әңгіме барысында студенттер Қазақстан мен Болгарияның жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы аясындағы басымдықтар мен міндеттер, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын салаларда өзара тиімді әріптестікті одан әрі арттыру жөніндегі жоспарлар туралы хабардар етілді.       

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, В.Темірбаев жас ұрпақтың сапалы білім алуының маңыздылығына назар аудара отырып, студенттерге оқуда табыс тіледі.

 

Әулие Клемент Охридски атындағы София университеті Болгариядағы ең ірі және беделді жоғары оқу орны. Университет 1888 жылғы 1 қазанда ашылды. Университет әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне кіреді. Бұл университетте шетелдіктерді қосқа алғанда 19 мыңға жуық студент оқиды.