Болгария астанасында өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Болгария астанасында өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

София, 2024 жылғы 13 наурыз – Қазақстан мен Болгария арасындағы өңіраралық байланыстарды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыс шеңберінде Елші Виктор Темірбаев София қаласының мэрі Васил Терзиевпен кездесті.

Кездесу барысында сұхбаттасушылар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды үдемелі дамытудағы өңіраралық өзара қатынастардың маңызды рөлін атап өтіп, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, екіжақты өзара қатынастарды нығайту мақсатында тараптар 2023 жылы басталған Қазақстан мен Болгария астаналарының арасында бауырластық қатынастарды орнату процесін тез арада аяқтау мәселесін қарастырды.

Одан басқа, қазақстандық дипломат Болгария елордасының басшысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бағдарламасымен егжей-тегжейлі таныстырды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту, атап айтқанда Софияның ортасында орналасқан «Астана» көшесін абаттандыру бойынша пікір алмасу өтті.

Өз кезегінде, В.Терзиев астаналар арасында бауырластық қатынастар орнату идеясын құптап, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту жөніндегі бастамаларды үнемі қолдайтындығына сендіре отырып, өңіраралық деңгейде практикалық ынтымақтастыққа өзінің түбегейлі түрде дайындығын растады.

Кездесу соңында тараптар барлық өзекті мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын қолдауға уағдаласты.

 

2018 жылы Қазақстан астанасының 20 жылдық мерейтойына орай Софияның туристтік орталығында орналасқан көшелерінің біріне «Астана» атауы берілді.