София, 2023 ж. 17 мамыр – Болгар тарапының бастамасымен Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Премьер-Министрінің экономикалық саясат жөніндегі орынбасары-Көлік және қатынастар министрі Христо Алексиевпен кездесті.
Әзірбайжан Елшісі Хусейн Джалал оглу Хусейнов пен Грузия Елшісі Отар Бердзенишвили қатысқан кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) одан әрі дамыту мәселелері мен перспективалары талқыланды.
Қазақстандық дипломат дәліздің Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Оған қоса, Елші В.Темірбаев Орта дәліздің бойында орналасқан қазақстандық порттардың қуаттылығын арттыру және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, атап айтқанда, 2025 жылға қарай аяқталуы жоспарланған Ақтау портында контейнерлік хаб құру және Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысы туралы хабардар етті.
Өз кезегінде Министр Х.Алексиев Болгарияның Азия мен Еуропа арасындағы тасымалдар үшін көліктік-логистикалық хабқа айналу әлеуеті бар екендігін, сондай-ақ өзара сауданы ұлғайту мақсатында Орта дәлізді дамыту бойынша бірлескен жұмысты жандандыру қажеттілігін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар барлық өзекті мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын қолдауға келісті.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ немесе Орта дәліз) — Қытай, Қазақстан, Каспий теңізінің акваториясы, Әзербайжан, Грузия арқылы өтетін және одан әрі Түркия мен Еуропа елдеріне баратын халықаралық көлік дәлізі.