Қазақстан Елшісі Болгария Президентіне сенім грамоталарын табыстады

Қазақстан Елшісі  Болгария Президентіне сенім грамоталарын табыстады

      София, 2023 жылғы 26 қаңтар – Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Президенті Румен Радевке сенім грамоталарын табыстады.

     Сенім грамоталарын табыстау рәсімінен кейін өткен кездесу барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Астана екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға, оның ішінде, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және транзиттік-көліктік өзара әрекеттесуді жандандыруға ерекше мән беретінін хабарлады. Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырды.

     Өз кезегінде, Радев мырза Қазақстан Болгарияның Орталық Азиядағы ең маңызды және негізгі әріптесі болып табылатынын, сондай-ақ елімізбен өзара қызығушылық тудыратын салаларда ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ, Қазақстан Елшісін ресми қызметке кірісуімен құттықтап, Қазақстан-Болгария қатынастарын нығайту жолындағы жұмысына табыс тіледі.

     Қалыптасқан протоколдық практикаға сәйкес, Болгария Президентіне сенім грамоталарын тапсырғаннан кейін Елші В.Темірбаев Софиядағы Белгісіз сарбаз ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

     Болгария Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа өңіріндегі маңызды серіктесі болып табылады. Достық пен сенімге негізделген екіжақты ынтымақтастығымыз жоспарлы түрде дамып келеді. Екіжақты күн тәртібімізде даулы / проблемалық мәселелер жоқ.

     Біздің бағалауымыз бойынша, 2022 ж. 11 айында тауар айналымы 172,8 млн. долл. құрады. 2022 ж. 3 тоқсанында Қазақстан экономикасына 6 млн. доллар болгар инвестициясы тартылды.