Софияда Қазақстандағы саяси реформалар және алдағы президенттік сайлау мәселелері талқыланды

Софияда Қазақстандағы саяси реформалар және алдағы президенттік сайлау мәселелері талқыланды

София, 2022 жылғы 10 қараша - Болгария астанасында елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды, сондай-ақ 2022 жылғы 20 қарашада өтетін Қазақстандағы президенттік сайлауды талқылау мақсатында болгар сарапшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Варна еркін университетінің профессоры Н.Дюлгерова, «МИР» партиясының төрағасы С.Славчев, «Калейдоскоп» журналының бас редакторы Г.Вацов, профессор Н.Стефанов, Ресей және ТМД халықтарымен достық федерациясының хатшысы Б.Якимов және «Факти» ақпараттық порталының журналисі М.Симидчиева қатысты.

Қазақстан Елшісі Т.Ізбастин қатысушыларды Қазақстандағы конституциялық реформаларды іс жүзінде жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамаларымен егжей-тегжейлі таныстырды, сондай-ақ алдағы президенттік сайлауға дайындық барысы туралы хабардар етті. Қазақстандық дипломат өз сөзінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы қаңтардан бастап Конституциялық сот құруды, адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін күшейтуді, прокуратураның құқық қорғау функцияларын кеңейтуді, Президенттің жекелеген өкілеттіктерін қысқартуды көздейтін жақында қол қойған маңызды заңдарын ерекше атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси-әлеуметтік реформалар мен Мемлекет басшысының бастамаларын жоғары бағалады, сондай-ақ алдағы президенттік сайлау ашық әрі адал өтетініне сенім білдірді.

Профессор Н.Дюлгерова суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік республикаға көшуді және Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар «тек сөзбен ғана емес, практикада да іске асырылатынын» - бұл саяси жүйені демократияландыру бағытындағы нақты қадамдар екенін атап өтті.

Г. Вацов Президент Қ.Тоқаевтың бастамалары және олардың тез іске асырылуы - Орталық Азия өңіріндегі «жаңашылдық» екенін атап өтті. Оның пікірінше, Конституцияға енгізілген өзгерістер және одан кейінгі реформалар, барлық қазақстандықтардың әл-ауқатына оң әсер етеді.

Кездесу соңында Болгар сарапшылары алдағы президенттік сайлауды өткізуде табыс және Қазақстан Республикасына одан әрі өркендеу тіледі.