Еуропалық Парламент Қазақстанның саяси модернизациялау бағытындағы жұмыстарына қолдау білдірді

Еуропалық Парламент Қазақстанның саяси модернизациялау бағытындағы жұмыстарына қолдау білдірді

БРЮССЕЛЬ, 2021 жылғы 11-12 қазан – ҚР Парламентінің депутаттары "Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ" парламенттік ынтымақтастық комитетінің кезекті 18-ші отырысына қатысты.

Қазақстандық парламентшілер Еуропалық Одақтың астанасы – Брюссель қаласындағы карантиндік шектеулер алынғаннан кейінгі Еуропарламентке келген алғашқы шетелдік делегация болып табылады.

Қазақстандық делегацияны ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, еуропалық делегацияны – Орталық Азия және Моңғолиямен өзара іс-қимыл жөніндегі Еуропалық Парламент делегациясының басшысы Фульвио Мартушелло басқарды.

Ф.Мартушелло құттықтау сөзінде пандемиядан кейін Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы парламенттік диалогты қайта бастаудың маңыздылығын атап өтті. ҚР мен ЕО арасындағы саяси байланыстардың серпіні мен экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейі Нұр-Сұлтан мен Брюссельдің тығыз қарым-қатынасының куәсі.

Депутаттың пікірінше, "Қазақстан Орталық Азияда бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойды және ЕО Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды әріптес ретінде қарастырады".

Ол екі палатаның, түрлі комитеттердің және саяси партиялардың өкілдерінен құралған қазақстандық делегацияның сапалық құрамын атап өтті. Ал алты делегаттың төртеуі әйелдер екендігі қоғамдағы гендерлік теңдікке қол жеткізуге деген нақты мақсатты меңзейді.

Іс-шара барысында Еуропалық Парламент депутаттары Қазақстанның демократиялық реформаларды ілгерілету, КВИ пандемиясының ел экономикасына, сондай-ақ ҚР азаматтарының әл-ауқаты мен денсаулығына кері әсерін азайтуға бағытталған күш-жігерін құптады.

Өз кезегінде, Еуропалық парламентшілер өңірлік қауіпсіздікті, "жасыл" және цифрлық оң өзгерістерді, сауда-көлік жобаларын және ҚР-ЕО желісі бойынша өзге де бірқатар перспективалық бағыттарды талқылады.

Еуропалық Парламент депутаттары еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, өлім жазасын жоюға, сайлау заңнамасын жетілдіруге, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуге және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған қазақстандық саяси реформаларға жоғары баға берді.

Қазақстан делегациясының басшысы Еуропалық парламентарийлерді ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында ұсынылған ағымдағы саяси бастамалары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

"Қазақстан биыл өз тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Халқымыздың бірлігінің, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен жүргізілген кешенді реформалардың арқасында біз үлкен белестерден өттік. Бүгін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Парламентке уақыт талабына және қазақстандық қоғамның дамуына сай саяси реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жаңа міндеттер қойып отыр", - деп мәлімдеді А.Құспан.

Мәжіліс депутаты А.Линник коронавирус пандемиясы жағдайында ҚР Үкіметінің дағдарысқа қарсы негізгі шаралары туралы хабардар етті, сондай-ақ ҚР-ЕО сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының жаңа перспективалық бағыттары туралы ақпаратпен бөлісті. А. Линник еуропалық парламентшілерді КӘЫК экономикалық әлеуетін іске асыруға барынша қолдау көрсетуге шақырды.

Еуропарламент депутаттарының өтініші бойынша Мәжіліс депутаты А.Сарым ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі және ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ұсынған заңнамалық бастамалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, ол ҚР мен ЕО арасындағы білім беру және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы өз көзқарасымен бөлісті.

Сенатор С.Айтпаева Еуропалық Парламент депутаттарына ҚР-дың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы негізгі саясаты және ҚР-ның деректерді қорғау саласындағы көпжақты ынтымақтастығы туралы айтып берді.

Мәжіліс депутаты С.Имашеваның сөйлеген сөзінде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен және Еуропа Кеңесімен адам құқықтары мәселелері бойынша өзара іс-қимылы көтерілді.

А.Скакованың Қазақстанның "жасыл" күн тәртібі туралы баяндамасы, оның ішінде ҚР-ның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптылығы тұжырымдамасы және елдегі Арал теңізінің экологиялық апатының салдарын жою жұмыстары еуропалық тараптың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сол күні делегация ҚР-ЕО достық тобының мүшелерімен Еуропалық Парламентте оның төрағасы Р.Чарнецкимен кездесу өткізіп, ҚР мен ЕО парламенттік делегацияларының жұмысы талқыланды.

Екі жақты ынтымақтастық саласында А.Құспан өзінің бельгиялық визавиі – Бельгия Өкілдер палатасының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Эльс Ван Хофпен, сондай-ақ "Бельгия-Қазақстан" парламентаралық тобының басшысымен кездесті.

Келіссөздер барысында бельгиялық парламентшілер екі ел арасындағы парламентаралық диалогтың оң динамикасын құптады. Бұған Қазақстан Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин 2021 жылғы мамырда Бельгия Парламентінің спикері Элиан Тильемен, 2021 жылғы қыркүйекте Венада Бельгия Парламентінің қос палатасының спикерлерімен үшжақты кездесуі және парламенттік достық топтары деңгейіндегі тұрақты байланыстар дәлел бола алады.

Әңгіме тақырыбы Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ қазіргі заманғы сын-қатерлер контексіндегі Қазақстанның халықаралық рөлі болды. 

А.Құспан қазақстандық тараптың бельгиялық спикер Элиан Тилье мен бельгиялық депутаттарға Қазақстанға шақыруын тағы да растады.

Бұдан кейін мәжілісмен 2021 жылғы 6 қазанда Алматыда өткен "Орталық Азия - ЕО "Азаматтық форумының" қорытындыларын талқылау мақсатында ЕО-ның Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Терхи Хакалмен жұмыс кездесуін өткізді. Т.Хакала Нұр-Сұлтандағы екі жақты кездесулердің қорытындыларын, сондай-ақ форум барысында қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара сапалы іс-қимылын жоғары бағалады. Еуропалық дипломаттың айтуынша, Қазақстанға сапар саяси реформалардың жүзеге асырылу барысымен егжей-тегжейлі танысуға және елдегі азаматтық белсенділердің жұмысын көруге мүмкіндік берді.

Сапар соңында Қазақстанның Брюссельдегі Елшілігінің қолдауымен А.Құспан қазақстандық диаспора өкілдерімен және Бельгияның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен кездесті. Жерлестер мен отандастарды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтай отырып, депутат ҚР мен Бельгия арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытудағы диаспораның маңызды рөлін атап өтті. Іс-шара қонақтары карантиндік шектеулерді тез арада толық алып тасталуына және азаматтардың сапарларының жандануына үміт білдірді.