
3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақ тазысы мен төбетінің күні алғаш рет аталып өтеді. Бұл күн 2024 жылы қазақ тазысының Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тарапынан алдын ала танылған күніне орай белгіленді.
2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда FCI қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдады. Тұқымға №372 халықаралық стандарт бекітіліп, Қазақстан оның шыққан елі ретінде танылды.
Қазақ тазысы ғасырлар бойы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге жасасып, дәстүрлі аңшылықта пайдаланылған. Ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жұмыстары соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде қолға алынды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тұқымды сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту жөнінде міндет қойды. 2023 жылы осы бағыттағы заңнамалық негіз қалыптастырылды.
Тұқым стандартына, шығу тегі туралы куәлікке, мемлекеттік қолдауға, ғылыми зерттеулер мен асыл тұқымдық жұмыстарға қатысты мәселелер айқындалды.
Қазақстан Кинологтар одағының Халықаралық кинологиялық федерацияға кіруі маңызды кезең болды. 2023 ж. 22 тамызда Женевада өткен FCI Бас ассамблеясында қазақстандық ұйым федерацияның толыққанды мүшесі мәртебесін алды. Оның мүшелікке қабылдануын дауыс беруге қатысқан 77 мемлекеттің 72-сі қолдады.
Осыдан кейін Қазақстан ұлттық тұқымды халықаралық деңгейде тану үшін ресми түрде ұсынуға мүмкіндік алды. 2024 ж. наурызда қазақ тазысына қатысты құжаттар топтамасы FCI-ге жіберіліп, федерацияның Стандарттар жөніндегі комиссиясы мен Ғылыми комиссиясында қаралды.
Сол жылдың мамыр айында Астанада арнайы монотұқымдық көрме өтіп, халықаралық сарапшыларға жасы, түсі, шығу тегі мен типі әртүрлі 100 қазақ тазысы таныстырылды. FCI мамандары иттердің дене құрылысын, қозғалысын және тұқымдық типке сәйкестігін бағалады.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2024 ж. 3 қыркүйекте FCI қазақ тазысын алдын ала тану туралы шешім қабылдады.
«Тазыны бүгінгі күнге жеткізген – оны ұрпақтан ұрпаққа сақтап келген аңшылардың, селекционерлердің, кинологтардың, ит иелері мен жанашыр азаматтардың еңбегі. Халықаралық деңгейде танылу – үлкен нәтиже. Бірақ біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Ең бастысы – тазының тұқымдық ерекшеліктерін, генетикалық қорын, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу», – деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Бүгінде Қазақстан Кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымдық кітабында төрт мыңға жуық тазы тіркелген. Алайда иттердің нақты саны бұдан да көп: ауылдар мен шалғай аудандардағы тазылардың бір бөлігі әлі орталықтандырылған кинологиялық есепке алынбаған.
Мамандар өңірлердегі жұмыстарын жалғастырып, асыл тұқымдық байқаулар өткізуде, иттердің шығу тегі туралы мәліметтер жинап, есеп жүргізуде. Мұндай жұмыс иттердің шығу тегі мен ұрпағын бақылау, тазының тұқымдық белгілері мен генетикалық әртүрлілігін сақтау үшін қажет.
Қазақ тазысын халықаралық деңгейде таныту жұмыстары да жалғасып келеді. 2025 жылы Хельсинкиде өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде тұқымның ресми таныстырылымы өтті. 2026 жылғы маусымда Болоньядағы World Dog Show көрмесіне Қазақстаннан 12 тазы қатысты.
Сонымен қатар Жетісу облысында Қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығының ғимараты салынып жатыр. Құрылыс демеушілердің қолдауымен, облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен жүргізілуде.
Орталықта таза тұқымды иттерді ұстау және өсіру, олардың шығу тегін тіркеу, Бірыңғай тұқым-тегі кітабын жүргізу, сондай-ақ кинология саласындағы мамандарды даярлау көзделген. Мұнда сынақтар, көрмелер, байқаулар мен жарыстар да ұйымдастырылады.
2026 жылғы 20 ақпанда Үкімет қаулысымен Қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі 2026–2036 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Оны іске асыруға мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Жоспарда тұқымдарды сақтау және өсімін молайту, асыл тұқымдық есеп жүргізу, мамандар даярлау, сондай-ақ ғылыми және кинологиялық жұмыстарды жалғастыру көзделген.
2026 жылғы 30 сәуірде Мемлекет басшысы Халықаралық кинологиялық федерацияның президенті Тамаш Яккельді қабылдады. Кездесуде ұлттық тұқымды сақтау, тұрақты генетикалық қор қалыптастыру және FCI-мен одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Президент Тамаш Яккельге қазақ тазысын алдын ала тану мәселесіне көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.
2 мамырда Астанада «Astana Winner – 2026» халықаралық кинологиялық көрмесі аясында «Kazakh Tazy» монотұқымдық көрмесі өтті. Оған FCI өкілдері, қазақстандық және шетелдік кинологтар қатысты.
FCI-дің алдын ала тануы – жұмыстың бір кезеңі ғана. Түпкілікті тануға дейін ұзақ бақылау кезеңінен өтіп, тұқымның бірнеше ұрпақ бойы тұрақтылығын растау қажет. Осы кезеңде асыл тұқымдық есеп жүргізу, иттердің денсаулығын бақылау, қазақ тазысының тұқымдық типін, генетикалық әртүрлілігін, табиғи және жұмыс қасиеттерін сақтау жұмыстары жалғасады.
3 қыркүйек – қазақ тазысының халықаралық деңгейде танылғанын айғақтайтын ғана емес, ұлттық тұқымды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің маңызын еске салатын күн.