
Қазақстан мен Ресей президенттеріне өнеркәсіп кооперациясы саласындағы бірлескен жобалар көрсетілді.
Бүгінде елімізде 3,5 мың бірлескен кәсіпорын және ресейлік капиталы бар 17 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Қазақстан мен Ресей өнеркәсіп кооперациясының портфелі жалпы құны 52,7 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жобадан тұрады. Осы арқылы 60 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.
Жобалар металлургия, мұнай химиясы және машина жасау салаларында табысты жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Павлодар облысында теміржол саласындағы бағыттама бұрмаларын және тұтас илектелген дөңгелектер өндіруге арналған кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ең ірі жобалардың бірі – Атырау облысындағы полипропилен өндірісі. Қарағанды облысында бірлескен шина зауыты, Қостанай облысында шойын құймаларынан жүк көліктерінің бөлшектерін шығару жобасы іске қосылды.
Қазіргі уақытта химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және шикізат өңдеуді дамыту бағытында жалпы сомасы 10 миллиард долларды құрайтын 24 жоба жүзеге асырылуда. Аталған өндірістерді іске қосу жаңадан 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Екі елдің көлік министрліктері «КамАЗ» жария акционерлік қоғамымен бірлесіп, жүк автокөліктерінің жүргізушісіз қозғалысын сәтті іске қосты.
Көліктер «Жаңа жол» өткізу бекеті арқылы Қазақстан-Ресей шекарасын бір уақытта кесіп өтіп, межелі пунктке қарай сапарын жалғастырды.
Жүргізушісіз жүк автокөлік құралдары әлемде алғаш рет осындай форматта үш мың шақырымға жуық қашықтықты екі тәулікте жүріп өтіп, сапар уақытын екі есе қысқартты. Жаңа технологияларды қолданудың арқасында бұл бағыт екі тәулік ішінде еңсерілді.
Әріптестікті тереңдету мақсатында тараптар жобаны одан әрі дамытатын институционалдық база мен қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстарын жалғастыра береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге көрсетілген бейнероликте төрт Амур жолбарысын «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберу сәті таспаланған.
Жолбарыстарды бақылап отыру үшін табиғи ортаға жібергенге дейін оларға жерсеріктік қарғыбау орнатылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапары кезінде Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге әзірлік және жеткізілген түз тағыларының бастапқы бейімдеуден өтуі бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Осы уағдаластықтарға сай Ресей тарапы төрт Амур жолбарысын берді.
Бұл бастама Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруге және әлемдегі биоалуантүрлілікті сақтауға зор үлес қосады.
Әрі қарай екі ел президенттері Астанадағы «Сириус» мектебінің құрылысын бастап берді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин онлайн-форматта «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру инфрақұрылымының капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Келешек кешеннің іргетасына рәміздік капсуланы елордалық оқушылар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен, «Сириус» федералдық аумақ кеңесінің төрағасы, «Талант и успех» қорының жетекшісі Елена Шмелёвамен бірге салды.
«Қазақстан – Сириус» жобасы мемлекеттер басшыларының уағдаластығына сай іске асырылып жатыр. «Сириус» моделі бойынша еліміздің екі қаласында білім беру ошағы құрылады. Астанамен қатар биыл қаңтар айында Алматы қаласында да мектеп пен орталықтың іргетасы қаланды.
Жобаның мақсаты – дарынды балаларды қамқорлыққа алып, ғылым, технология және инновация салаларын терең меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеп шығару.
Соңында Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достық аллеясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин емен ағашын екті.
Бұл рәсім екі мемлекет арасындағы өзара құрметтің, берік достық пен көпқырлы ынтымақтастықтың белгісін сипаттайды.