
Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды елорда әуежайында қарсы алды.
Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына қонғанға дейін Ресей Президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты.
Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Салтанатты рәсім аяқталған соң президенттер келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Ресей басшысына ілтипат білдіріп, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін айтты.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.
Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Қазақстанға жасаған сапары жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті.
– Қазақстан үшін ең әуелі Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды десек, артық болмайды. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады. Біз шағын құрамда нәтижелі келіссөз жүргізіп, сан қырлы серіктестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді растадық. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ. Тек оң динамика байқалады. Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз. Бұл орайда бүгін қабылданатын «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өткім келеді. Аталған құжат қарым-қатынасымыздың сипатын танытады және оны ұзақмерзімді негізде тереңдетуге бейіл екенімізді көрсетеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екіжақты ықпалдастық, әсіресе, экономика саласында табысты өрбіп келеді. Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу дәстүрге айналды.
– Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор саналады. Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни, операциялық кезеңге өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша назар аударуға лайық.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің көпжақты алаңдар аясындағы ықпалдастығына мән берді.
Владимир Путин тең құқылы және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
– Былтыр Мәскеуге мемлекеттік сапарыңыз барысында жасаған бірлескен мәлімдемеде байланыстарымыз жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өттік. Бұл шын мәнінде солай. Біз барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайында маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз. Сонымен қатар көптеген үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдер дайындалды. Бұл құжаттар экономика мен энергетикадан бастап, мәдени-гуманитарлық қатынастарға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады, – деді Ресей Президенті.
Бұдан бөлек, кездесуде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сондай-ақ сапар барысында келесі құжаттарға қол қойылды:
2. «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен «Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің Бүкілресейлік сыртқы сауда академиясы» Федералдық мемлекеттік бюджеттік жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.