
Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Елшілігі Қазақстан Республикасы азаматтарын Шенген аймағы мемлекеттерінде автоматтандырылған кіру/шығу жүйесінің (Entry/Exit System, EES) енгізілгені туралы хабардар етеді.
Шенген аймағының 29 елінде Еуропалық комиссия енгізіп отырған EES жүйесі толыққанды жұмыс істеуде. Аталған жүйе үшінші елдер азаматтарының Шенген аймағының сыртқы шекараларын кесіп өтуін цифрлық есепке алуға арналған және іс жүзінде паспорттарға мөр басу рәсімін алмастырады. Ол туристерді, іскерлік сапармен келетін тұлғаларды, сондай-ақ транзиттік жолаушыларды қоса алғанда, саяхатшылардың барлық санаттарына қолданылады.
Шенген аймағындағы елдердің біріне алғаш кірген кезде шетел азаматтарынан жол жүру құжатының деректері, биометриялық мәліметтер (бет бейнесі мен саусақ іздері), сондай-ақ кіру және шығу күні мен орны міндетті түрде тіркеледі. Бұл ретте 12 жасқа толмаған балалардан саусақ іздері алынбайды. Деректерді сақтау мерзімі дербес деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып, үш жылға дейінгі кезеңді құрайды. Жүйеде кіруге тыйым салу жағдайлары да тіркеледі.
Кейінгі сапарлар кезінде шекарадан өту рәсімі, әдетте, жеңілдетіліп, тұлғаны бет бейнесі арқылы растауды көздейді. Биометриялық деректерді ұсынудан бас тартқан жағдайда Шенген аймағына кіруге тыйым салынады.
Жүйенің жұмыс істеуінің бастапқы кезеңінде, әсіресе алғашқы кіру пункттерінде шекаралық бақылаудан өту уақытының ұзаруы мүмкін. Осыған байланысты транзитпен жол жүретін азаматтарға рейстер арасындағы ауысуға қосымша уақыт қарастыру ұсынылады.
Рәсімдерді жеңілдету мақсатында Еуропалық одақ «Travel to Europe» мобильді қосымшасын әзірледі, ол келуге дейін 72 сағаттан ерте емес мерзімде паспорт деректерін және биометриялық фотосуретті жүктеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымшаны пайдалану шекаралық бақылаудан өтуден босатпайды.
Толық ақпаратпен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://travel-europe.europa.eu/en/ees