
Монтана, 2026 жылғы 27 наурыз – Қазақстанның Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның солтүстік-батысындағы маңызды әкімшілік және өнеркәсіптік өңірі – Монтана қаласына ресми сапармен барды.
Сапар аясындағы негізгі іс-шара – Қазақстанның Құрметті консулдығын салтанатты түрде ашу рәсімі болды. Құрметті консул болып аймақтағы ірі инвестициялық-құрылыс компанияларының қатарына кіретін «Idea Home» компаниясының басшысы Ивайло Митев тағайындалды.
Іс-шараға қалалық муниципалитет басшылығы, бизнес қауымдастық, ғылыми және мәдени топтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және т.б. қатысты.
Елші В.Темірбаев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейін атап өтіп, Болгарияның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы Қазақстанның ірі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін айтты.
Салтанатты ашылу барысында құттықтау сөз сөйлеген Монтана қаласы мэрінің орынбасары Тихомир Антонов Қазақстанның жоғары экономикалық және инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ еліміздің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Құрметті консул И.Митев көрсетілген жоғары сенім үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен өзіне бекітілген өңірлер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Бұдан бұрын қалалық муниципалитет басшылығымен өткен кездесуде Елші В.Темірбаев болгар тарапын Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістермен таныстырып, 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумның қорытындыларына арнайы тоқталды. Бұл ретте, жаңартылған Ата заңның адамға бағдарланған сипатқа ие екендігін, қазіргі қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік қағидаттарды бейнелейтінін, сондай-ақ ҚР-дың саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты және өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Қазақ дипломаты қатысушыларды Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен және шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларымен, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аясындағы преференциялармен таныстырды.
Болгар тарапына іскерлік қауымдастық өкілдері арасында тарату үшін еліміздің инвестициялық әлеуеті мен перспективалы тауашалы жобалар туралы ақпараттық-презентациялық материалдар ұсынылды.
Монтана – Дунай өзені арқылы өтетін «Жаңа Еуропа» көпірімен байланысқан, №4 пан-еуропалық дәлізінде орналасқан Болгарияның маңызды логистикалық торабы. Қала ауыл шаруашылығы дамыған және Орталық Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігі бар жоғары өнеркәсіптік әлеуетке ие.