
София, 2026 жылғы 20 наурыз – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінің қолдауымен «Әулие Климент Охридски» София университетіндегі Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығында Наурыз мейрамына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылық құрамы өкілдері және қазақ тілін үйреніп жүрген студенттер қатысты.
Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев өзінің сөзінде қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, оның табиғаттың жаңаруының, жаңа өмірдің басталуының және адам мен қоршаған орта арасындағы үйлесімділіктің символы ретіндегі маңызын атап өтті.
«2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда Наурыз мерекесін тойлау жаңа мазмұнмен толықтырылып, 14-23 наурыз аралығында атап өтілетін «Наурызнама» онкүндігі форматы бекітілді. Онкүндіктің әр күні Қазақстанның мәдени мұрасы мен қоғамдық дәстүрлерінің байлығын бейнелейтін жеке тақырып пен құндылыққа арналған», - деді В.Темірбаев.
Қазақ дипломаты сондай-ақ Болгарияда да 20 наурызда мағынасы ұқсас және жаңару мен үміттің жалпы адамзаттық құндылықтарын көрсететін «Първа пролет» (Көктемнің алғашқы күні) мерекесі атап өтілетіндігі символдық мәнге ие екендігін айтты.
Мәдени бағдарлама аясында болгар студенттері қазақ тілінде өлең оқып, тілді меңгерудің жоғары деңгейін және еліміздің мәдениетіне деген терең қызығушылығын көрсетті. Қатысушылар Болгарияның ең көне және ең беделді жоғары оқу орындарының бірінің қабырғасында қазақ тілін оқыту екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың жарқын айғағы екендігін атап өтті.
Іс-шара соңында қонақтар қазақ ұлттық тағамдарынан және Наурыз мерекесінің басты дәстүрлі тағамы әрі молшылықтың, амандық пен жаңарудың символы болып табылатын Наурыз көжеден дәм татты.
Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы 2015 ж. наурызда «Әулие Климент Охридски» София университетінің Түркология және алтаистика кафедрасында ашылған. Университетте сондай-ақ 2018 ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен жасасқан келісім негізінде «Әл-Фараби» ғылым, білім беру және мәдени орталығы қызмет атқарып келеді.
Жалпы, аталған орталықтар қазақ мәдениетін насихаттауға, қазақ тілін үйренуе және екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға бағытталған.