
София, 2026 жылғы 5 наурыз – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінде ҚР-дағы ауқымды саяси өзгерістер мен алда жоспарланған жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Болгарияның сарапшылар, ғылыми-академиялық қауымдастық және БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Қазақстанның достары клубының» мүшелері қатысты.
Елші Виктор Темірбаев өз сөзінде жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен тұжырымдамалық негіздерін таныстырып, аталған құжат елдің одан әрі үдемелі дамуына берік негіз қалайтынын атап өтті.
Қазақ дипломаты Ата заңның жаңартылған нұсқасының мазмұны адамға бағытталған сипатқа ие екендігін, өзекті қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік қағидаттарды бейнелейтінін, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді неғұрлым теңгерімді бөлу арқылы саяси жүйені жаңғыртуға бағытталғанын жеткізді.
«Конституцияның жаңа мәтіні қазақстандық мемлекеттіліктің кемелдігін, елдің халықаралық беделін және прогрессивті дамуға стратегиялық бағдарын айқын көрсетеді», - деді В.Темірбаев.
Сарапшылар қауымдастығының өкілдері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға жоғары бағаларын беріп, олардың жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізіліп отырғандығын атап өтті. Қатысушылардың пікірінше, конституциялық реформалар демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге ықпал етеді.
Қатысушылар конституциялық жаңашылдықтарға, оның ішінде бірпалаталы парламентке көшу, жоғары консультативтік орган – «Қазақстан Халық Кеңесін» құру және вице-президент институтын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Қазақстан Халық Кеңесі азаматтық қоғам мен Президент арасындағы байланыстырушы буын ретінде маңызды рөл атқара алады. Сонымен қатар, оның өкілеттіктерінде тікелей демократия белгілері айқын көрініс табады», – деді «Әулие Климент Охридски» София университеті Шығыс тілдері мен мәдениеттері орталығының аға ғылыми қызметкері Камен Величков.
Іс-шара қорытындысында дөңгелек үстелге қатысушылар жоспарланған реформаларды іс жүзінде жүзеге асыру Қазақстанның серпінді дамып келе жатқан, ашық және құқық үстемдігі қағидаттарына берік мемлекет ретіндегі халықаралық имиджін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.