Астанада Қазақстан-Болгария бизнес-форумы басталды

Астанада Қазақстан-Болгария бизнес-форумы басталды

Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстан мен Болгария арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық әлеуетін атап өтіп, бұл әріптестіктің тек саудамен шектелмей, болашағы зор көптеген салаларды қамтитынын айтты.

«Біз Болгариямен тең құқықты және өзара тиімді серіктестік орнатуға мүдделіміз. Қазақстан агроөңдеу, фармацевтика және логистика сияқты негізгі салаларға болгар инвестицияларын тартуға да, отандық бизнесті Болгария нарығына шығаруға да ашық. Бірлескен өндірістерді іске қосуға, сауда жасауға және инновациялық жобаларға инвестиция салуға толық мүмкіндік бар. Бүгінгі кездесу осындай бастамаларға серпін беретініне сенімдімін», — деп атап өтті Әлібек Қуантыров.

Қазақстан-болгар бизнес-форумы аясында екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері және салалық қауымдастықтарын біріктірген панельдік сессия өтті.

Талқылауға «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек, Болгария Жұмыс берушілер және инновациялық технологиялар қауымдастығының төрағасы Доброслав Димитров, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мурат Каримсаков, София қаласы әкімінің орынбасары Иван Василев, сондай-ақ INSAIT және Kazakh Tourism сияқты профильдік министрліктер мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қатысушылар практикалық өзара іс-қимыл бағыттарын, іскерлік бастамаларды дамыту мәселелерін және кәсіпкерлерді қолдау шараларын талқылады. Диалог Қазақстан мен Болгария арасындағы инвестициялар, инновациялар және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге деген жоғары қызығушылықты көрсетті.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Султанбек екіжақты серіктестіктің практикалық мазмұнын арттырудың маңыздылығын атап өтті:

«Қазақстан мен Болгария арасында ынтымақтастықтың берік негізі қалыптасқан — бүгінде елімізде жүзден астам болгар компаниясы жұмыс істейді, ал тікелей инвестициялар көлемі 76 миллион доллардан асты. Енді біздің міндетіміз — осы қарқынды сақтап қана қоймай, бірлесіп жұмыс істеуге арналған жаңа бағыттарды табу. Біз Еуразиядағы сенімді серіктес болуға дайынбыз және инвесторларға тек Қазақстан нарығына емес, 3 миллиардтан астам халқы бар аймақтық нарыққа шығу мүмкіндігін ұсынамыз».