София, 2025 жылғы 19-20 мамыр – Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында София қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Болгария Республикасының Экономика және өнеркәсіп министрі Петр Диловтың бірлескен төрағалығымен Қазақстан-Болгария экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 5-ші отырысы өтті.
Екі елдің салалық мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысқан ҮАК отырысы барысында тараптар сауда, инвестиция, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп, IT, туризм, мәдениет, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі даму перспективаларын талқылады.
Қазақстан тарапынан ҮАК-тың тең төрағасы С.Жұманғарин еліміздегі экономикалық өсімді ұлғайту және инвестициялық ахуалды жетілдіру бойынша өзекті бастамаларды ұсынды.
Тараптар отырыстың сәтті өтуін қанағаттанушылықпен атап өтіп, ҮАК отырысы қарсаңында өткізілген екі елдің іскер топтарының 70-тен астам өкілдері қатысқан Болгария-Қазақстан бизнес-форумы шеңберінде жемісті өзара іс-қимылды атап өтті.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.Жұманғарин бизнес-форумның ашылу салтанаты барысында болгар бизнес өкілдеріне сөйлеген сөзінде инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті жәрдем көрсетуге дайын екендігін растай отырып, еліміздің Үкіметі тарапынан шетелдік инвесторлар үшін жасалынып жатқан қолайлы бизнес ахуалдың мүмкіндіктері туралы хабардар етті.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан-Болгария экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысының хаттамасына қол қойылды.
ҮАК қарсаңында қазақстандық делегация басшысы БР Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік және коммуникациялар министрі Гроздан Караджовпен және өзінің болгарлық әріптесі П.Диловпен екіжақты кездесулер өткізді.
Г.Караджовпен кездесу барысында сұхбаттасушылар Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКД) шеңберіндегі өзара қарым-қатынастарды тереңдету перспективаларын оның Еуропа, Орталық Азия және Қытай елдері арасындағы көлік-транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі өсіп келе жатқан рөлі тұрғысынан қарастырды, сондай-ақ денсаулық саласындағы ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктерін талқылады.
ҚР СЖРА Статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 ж. қорытындысы бойынша Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда айналымы 2023 жылмен салыстырғанда (95,2 млн. АҚШ долл.) 3,9 есе артып, 375,2 млн. долл. құрады, оның ішінде ҚР экспорты – 303,6 млн. долл (11,1 есе өсті), Болгариядан импорт – 71,6 млн. долл. (+5,5%).
2024 ж. Болгариядан Қазақстан экономикасына 7,8 млн. долл. тікелей инвестиция тартылды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 86,5% өсім көрсетті (4,2 млн. долл.).