Меню
Страницы
Консулдық мәселелер
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Все материалы
23 апреля 2026
Орталық Азия елдерінің президенттері экология және орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы Декларация қабылдады

22-24 сәуір аралығында Астана қаласында өтіп жатқан 2026 Өңірлік экологиялық саммит шеңберінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары «Орталық Азияның экологиялық ынтымақтастығы» экология және орнықты даму саласындағы өңірлік ынтымақтастық туралы Декларация қабылдады.

 

Осылайша, мемлекет басшылары климат, мұздықтар, таулы экожүйелер, биоалуантүрлілік, химиялық заттарды, қалдықтарды басқару және пластиктің ластануымен күресу, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, жердің деградациясы мен шөлейттенуге қарсы іс-қимыл жөніндегі келіссөздерді қоса алғанда, көпжақты экологиялық процестер шеңберінде бірлескен өңірлік ұстанымдар мен шешімдерді әзірлеу жөніндегі күш-жігерді жандандыру ниеттерін негізгі халықаралық платформаларда Орталық Азия елдерінің шоғырландырылған ұстанымдарды растады.

 

Осы Декларация экологиялық орнықтылықты, инклюзивті экономикалық өсуді және қазіргі және болашақ ұрпақ үшін орнықты болашақты қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азия мемлекеттері арасындағы әріптестік пен өзара қолдауды кеңейтуге елеулі үлес қосады.

04 апреля 2026
«Astana Eurasian Book Fair-2026»: елордада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Astana Eurasian Book Fair-2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.

«Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесіне 80-ге жуық кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар болса, Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен 40 компания қатысқалы отыр.

«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.

Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.

23 сәуірде Ұлттық кітап күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.

31 марта 2026
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі «Экспорттаушылар витринасы» халықаралық цифрлық платформасын іске қосты

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ еншілес ұйымы) «Экспорттаушылар витринасы» (https://export.bgov.kz ) платформасын іске қосты.

Жаңа ресурс отандық өнімдер мен қызметтерді жаһандық нарыққа жаппай шығару мақсатында әзірленіп, шетелдік сатып алушылар назарын аудару үшін әзірленді. Платформа «Made in Kazakhstan» өнімдерінің кеңейтілген каталогын ұсынады. Мұнда негізгі назар нақты тауарларға, олардың сипаттамалары мен тұтынушылық қасиеттеріне аударылған.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өкілдерінің айтуынша, Экспорттаушылар витринасының басты ерекшелігі – оның айқын экспорттық бағыттылығы.

Платформадағы тауарлар бес негізгі сала бойынша жіктелген:

- жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік және химия өнеркәсібі;

- АӨК өнімдері;

- металлургия;

- машина жасау;

- құрылыс саласы.

Іздеу жүйесі әлеуетті сатып алушыларға қажетті өнімдерді кілт сөздер арқылы оңай табуға мүмкіндік береді. Мәселен, белгілі бір сұраныс енгізілген жағдайда жүйе осы санат бойынша қазақстандық өндірушілер ұсынатын барлық қолжетімді ұсыныстарды көрсетеді. Әрбір тауар карточкасында өнімнің толық сипаттамасы мен негізгі техникалық параметрлері берілген. Сонымен қатар пайдаланушы нақты өнім бетінен сол өнімді өндіруші компанияның профиліне бірден өту мүмкіндігіне ие.

«Аталған платформада тек агенттік тарапынан тексеруден өткен, верификацияланған өндірушілер ғана ұсынылған. «ЭКА тексерген» мәртебесі сенімділіктің кепілі ретінде қызмет атқарып, тәуекелдерді азайтады және қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік сатып алушылар арасындағы өзара іс-қимыл барысында сенімді нығайтады», – деп атап өтті Мадина Ержанова, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасының орынбасары.

«Экспорттаушылар витринасы» жобасы қазақстандық бизнес пен халықаралық нарықтар арасындағы цифрлық көпірге айналуды көздейді. Платформа жеткізушілерді іздеу үдерісін жеңілдетіп, отандық брендтердің шетелдегі танымалдығын арттыруға ықпал етеді. Бастама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі жүзеге асырып отырған шикізаттық емес экспортты қолдау және сыртқы экономикалық қызметті цифрландыру стратегиясы аясында іске асырылды.

28 марта 2026
Софияда Қазақстанның білім беру әлеуеті таныстырылды

2026 жылғы 28 наурызда «Әулие Климент Охридски» София университетінде Ашық есік күндері өтті.

Іс-шараға студенттер, оқытушылар және Әзербайжан, Мысыр Араб Республикасы, Қазақстан, ҚХР, Индонезия елдерінің шетелдік дипломатиялық корпусының өкілдері, БАҚ және т.б. қатысты.

Қазақстандық дипломаттар София университеті студенттерінің қолдауымен Қазақстанның білім беру әлеуетін таныстырып, ұлттық киімдер көрмесін ұйымдастырды, сондай-ақ әдеби мұраны және өзге де жәдігерлерді ұсынды.

Аталған шаралар болгар жастарының арасында, ең алдымен, Қазақстанның білім беру және туристік тартымдылығы тұрғысынан үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен бірге мәдени-гуманитарлық саладағы қолданыстағы байланыстарды нығайтуға ықпал етті.

 

Болгарияда 77 қазақстандық студент білім алуда. Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ең беделді оқу орындарының бірі саналатын «Әулие Климент Охридски» София университетінде Әл-Фараби атындағы ғылыми-білім беру және мәдени орталығы мен Қазақ тілі, тарихы мен мәдениетін оқыту орталығы жұмыс істейді.

27 марта 2026
Болгариядағы Құрметті консулдар институты дамуда

Монтана, 2026 жылғы 27 наурыз – Қазақстанның Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның солтүстік-батысындағы маңызды әкімшілік және өнеркәсіптік өңірі – Монтана қаласына ресми сапармен барды.

Сапар аясындағы негізгі іс-шара – Қазақстанның Құрметті консулдығын салтанатты түрде ашу рәсімі болды. Құрметті консул болып аймақтағы ірі инвестициялық-құрылыс компанияларының қатарына кіретін «Idea Home» компаниясының басшысы Ивайло Митев тағайындалды.

Іс-шараға қалалық муниципалитет басшылығы, бизнес қауымдастық, ғылыми және мәдени топтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және т.б. қатысты.

Елші В.Темірбаев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейін атап өтіп, Болгарияның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы Қазақстанның ірі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін айтты. 

Салтанатты ашылу барысында құттықтау сөз сөйлеген Монтана қаласы мэрінің орынбасары Тихомир Антонов Қазақстанның жоғары экономикалық және инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ еліміздің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Құрметті консул И.Митев көрсетілген жоғары сенім үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен өзіне бекітілген өңірлер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Бұдан бұрын қалалық муниципалитет басшылығымен өткен кездесуде Елші В.Темірбаев болгар тарапын Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістермен таныстырып, 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумның қорытындыларына арнайы тоқталды. Бұл ретте, жаңартылған Ата заңның адамға бағдарланған сипатқа ие екендігін, қазіргі қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік қағидаттарды бейнелейтінін, сондай-ақ ҚР-дың саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын ерекше атап өтті.   

Сонымен қатар әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты және өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Қазақ дипломаты қатысушыларды Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен және шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларымен, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар аясындағы преференциялармен таныстырды.   

Болгар тарапына іскерлік қауымдастық өкілдері арасында тарату үшін еліміздің инвестициялық әлеуеті мен перспективалы тауашалы жобалар туралы ақпараттық-презентациялық материалдар ұсынылды.

 

Монтана – Дунай өзені арқылы өтетін «Жаңа Еуропа» көпірімен байланысқан, №4 пан-еуропалық дәлізінде орналасқан Болгарияның маңызды логистикалық торабы. Қала ауыл шаруашылығы дамыған және Орталық Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігі бар жоғары өнеркәсіптік әлеуетке ие.

20 марта 2026
Болгарияның ең көне университетінде Наурыз мерекесі атап өтілді

София, 2026 жылғы 20 наурыз – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінің қолдауымен «Әулие Климент Охридски» София университетіндегі Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығында Наурыз мейрамына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылық құрамы өкілдері және қазақ тілін үйреніп жүрген студенттер қатысты.

Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев өзінің сөзінде қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, оның табиғаттың жаңаруының, жаңа өмірдің басталуының және адам мен қоршаған орта арасындағы үйлесімділіктің символы ретіндегі маңызын атап өтті.

«2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда Наурыз мерекесін тойлау жаңа мазмұнмен толықтырылып, 14-23 наурыз аралығында атап өтілетін «Наурызнама» онкүндігі форматы бекітілді. Онкүндіктің әр күні Қазақстанның мәдени мұрасы мен қоғамдық дәстүрлерінің байлығын бейнелейтін жеке тақырып пен құндылыққа арналған», - деді В.Темірбаев.

Қазақ дипломаты сондай-ақ Болгарияда да 20 наурызда мағынасы ұқсас және жаңару мен үміттің жалпы адамзаттық құндылықтарын көрсететін «Първа пролет» (Көктемнің алғашқы күні) мерекесі атап өтілетіндігі символдық мәнге ие екендігін айтты.

Мәдени бағдарлама аясында болгар студенттері қазақ тілінде өлең оқып, тілді меңгерудің жоғары деңгейін және еліміздің мәдениетіне деген терең қызығушылығын көрсетті. Қатысушылар Болгарияның ең көне және ең беделді жоғары оқу орындарының бірінің қабырғасында қазақ тілін оқыту екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың жарқын айғағы екендігін атап өтті.

Іс-шара соңында қонақтар қазақ ұлттық тағамдарынан және Наурыз мерекесінің басты дәстүрлі тағамы әрі молшылықтың, амандық пен жаңарудың символы болып табылатын Наурыз көжеден дәм татты.

 

Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы 2015 ж. наурызда «Әулие Климент Охридски» София университетінің Түркология және алтаистика кафедрасында ашылған. Университетте сондай-ақ 2018 ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен жасасқан келісім негізінде «Әл-Фараби» ғылым, білім беру және мәдени орталығы қызмет атқарып келеді.

Жалпы, аталған орталықтар қазақ мәдениетін насихаттауға, қазақ тілін үйренуе және екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға бағытталған.

05 марта 2026
Софияда Қазақстандағы конституциялық реформаларға қолдау білдірді

София, 2026 жылғы 5 наурыз – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінде ҚР-дағы ауқымды саяси өзгерістер мен алда жоспарланған жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Болгарияның сарапшылар, ғылыми-академиялық қауымдастық және БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Қазақстанның достары клубының» мүшелері қатысты.

Елші Виктор Темірбаев өз сөзінде жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен тұжырымдамалық негіздерін таныстырып, аталған құжат елдің одан әрі үдемелі дамуына берік негіз қалайтынын атап өтті.

Қазақ дипломаты Ата заңның жаңартылған нұсқасының мазмұны адамға бағытталған сипатқа ие екендігін, өзекті қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік қағидаттарды бейнелейтінін, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді неғұрлым теңгерімді бөлу арқылы саяси жүйені жаңғыртуға бағытталғанын жеткізді. 

«Конституцияның жаңа мәтіні қазақстандық мемлекеттіліктің кемелдігін, елдің халықаралық беделін және прогрессивті дамуға стратегиялық бағдарын айқын көрсетеді», - деді В.Темірбаев.

Сарапшылар қауымдастығының өкілдері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға жоғары бағаларын беріп, олардың жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізіліп отырғандығын атап өтті. Қатысушылардың пікірінше, конституциялық реформалар демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге ықпал етеді.

Қатысушылар конституциялық жаңашылдықтарға, оның ішінде бірпалаталы парламентке көшу, жоғары консультативтік орган – «Қазақстан Халық Кеңесін» құру және вице-президент институтын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Қазақстан Халық Кеңесі азаматтық қоғам мен Президент арасындағы байланыстырушы буын ретінде маңызды рөл атқара алады. Сонымен қатар, оның өкілеттіктерінде тікелей демократия белгілері айқын көрініс табады», – деді «Әулие Климент Охридски» София университеті Шығыс тілдері мен мәдениеттері орталығының аға ғылыми қызметкері Камен Величков.

Іс-шара қорытындысында дөңгелек үстелге қатысушылар жоспарланған реформаларды іс жүзінде жүзеге асыру Қазақстанның серпінді дамып келе жатқан, ашық және құқық үстемдігі қағидаттарына берік мемлекет ретіндегі халықаралық имиджін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

26 февраля 2026
«Astana Finance Days 2026» форумының өтетін күндері белгілі болды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Astana Finance Days (AFD) 2026: Delivering Impact. Capital in Action  форумының өтетін күндерін жариялады – іс-шара 2026 жылдың 9-10 қыркүйегінде Астанада өтеді. Форум банкирлерді, брокерлерді, инвесторларды, қаржы және технологиялық секторлардың, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік институттардың өкілдерін қоса алғанда, нарықтың кәсіби қатысушыларын біріктіреді.

2018 жылы алғаш өткізілген сәттен бастап Astana Finance Days өзін инвестициялар тарту, капитал нарықтарын нығайту және Қазақстанда жаңа бизнес-мүмкіндіктерді қалыптастыру үшін қаржы индустриясы көшбасшыларын бір алаңға жинайтын Еуразия аймағының негізгі қаржы форумы ретінде танытты.

Форумға қатысушылар әрдайым оның практикалық құндылығын атап көрсетіп келеді: алаң жаңа жобаларға, мәмілелерге және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестіктерге айналатын өзара іс-қимылды жолға қоюға мүмкіндік береді. Мұнда бизнес өзіне серіктестер таба алады, қаржылық күн тәртібіндегі мәселелер шешіледі, ал қатысушылар саны жыл сайын артып келеді.

2025 жылы форум әлемнің 82 елінен 5 500-ден астам қатысушыны, соның ішінде жиынтық көлемі $1,5 трлн құрайтын активтерді басқарушыларды жинады. Бағдарлама 160 спикерді, 40-тан астам іскерлік іс-шараны, Astana International Exchange биржасындағы төрт жаңа листингті және жеті келісімге қол қоюды қамтыды. AFD 2025 спикерлерінің қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, қазақстандық және халықаралық банктер мен инвестициялық компаниялардың топ-менеджерлері, активтерді басқарушылар, реттеушілер, финтех-кәсіпкерлер және жаһандық қаржы нарығының пікір көшбасшылары, соның ішінде танымал футуролог, кәсіпкер және әлемдік бестселлерлердің авторы Бретт Кинг болды.

AFD 2026 бұл динамиканы практикалық шешімдерді әзірлеуге бағытталған терең талқылау форматында жалғастырады. Форум қатысушыларына жаһандық үрдістерді талдау, жаңа бизнес пен инвестициялық бағыттарды іздеу, қаржылық қызметтердің кәсіби көрмесін тамашалау, сондай-ақ инвесторлармен, топ-менеджерлермен және сала көшбасшыларымен іскерлік байланыстар орнату үшін мүмкіндіктер ашылады.

AFD 2026 басты тақырыптарының қатарында – капитал нарықтары және инвестициялық өнімдер; сенім инфрақұрылымы: реттеу, құқықтық орта және нарықтардың тұрақтылығы; институционалдық ауқымдағы инновациялар; экономиканың нақты секторын қаржыландыру; капитал нарықтарындағы өңірлік және трансшекаралық ынтымақтастық.

АХҚО экожүйесінің мүмкіндіктері мен артықшылықтарына жеке назар аударылмақ. Форум аясында компаниялардың өсу тарихынан бастап капиталды табысты тартуға және халықаралық нарықтарға шығуға дейінгі Орталықтың юрисдикциясында бизнесті дамыту кейстері ұсынылатын болады.

Форумның тағы бір маңызды тұсы AFD Exhibition болады – бұл қатысушылар өз шешімдері мен жұмыс нәтижелерін көрсететін көрме платформасы.  Компаниялар үшін бұл нарықтағы позицияны нығайту және стратегиялық серіктестермен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі.

Форум дәстүрлі түрде серіктестер мен демеушілердің қолдауы арқасында өткізіледі. 2025 жылы Freedom Broker, Solidcore Resources, ITS, MYD Production, LMAX Group, Teniz Capital Investment Banking, Allur, Binance, Mastercard және т.б. серіктестердің рөлін атқарған еді.  

AFD 2026-ға демеушілер ретінде қатысуға нарықтағы позицияларды нығайтуды және қаржы саласының көшбасшыларымен стратегиялық серіктестіктер құруын көздейтін компаниялар шақырылады. Сондай-ақ компанияларды AFD Exhibition-ге қатысуға шақырамыз.

Қатысушыларды тіркеу және іс-шараның егжей-тегжейлі бағдарламасы форумның astanafindays.org ресми сайтында қолжетімді болады. Форумға қатысты жалпы сұрақтар бойынша afd@aifc.kz, серіктестік мәселелері бойынша partnership@aifc.kz электронды мекенжайға хабарласыңыздар.

 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.

АХҚО ресми веб-сайты: www.aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: pr@aifc.kz

25 февраля 2026
Болгарияның академиялық қауымдастығы Қазақстандағы конституциялық реформаларға жоғары баға берді

София, 2026 жылғы 25 ақпан – Қазақстанның Болгариядағы Елшілігінде Елші Виктор Темірбаев Жоғары телекоммуникация және пошта мектебінің (ЖТПМ) ректоры Миглена Темелковамен кездесті.

Сұхбат барысында тараптар ЖТПМ мен қазақстандық жоғары оқу орындары арасындағы инновациялар мен телекоммуникациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ академиялық ұтқырлық пен ғылыми-зерттеу қызметі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Елші В.Темірбаев болгар тарапын Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және конституциялық реформалармен таныстырып, 2026 жылғы 15 наурызда жалпыұлттық референдум өтетінін, онда елдің жаңа Конституциясы бойынша түпкілікті шешім қабылданатындығы туралы хабардар етті. Қазақ дипломаты елде орын алып жатқан өзгерістер заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын арттыруға бағытталғандығын атап өтті.

Кездесу барысында сондай-ақ Қазақстанның орнықты даму мен халықаралық өзара іс-қимылдың негізгі факторлары болып табылатын ғылым, технология және адами капиталды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатының басымдықтарына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде, М.Темелкова академиялық әріптестікті дамытуға қызығушылық танытып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға өзінің жоғары бағасы берді. Оның пікірінше, бұл өзгерістер қазақстандық университеттермен ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық ұтқырлықты дамыту, жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын арттыру бойынша бірлескен жұмысты әрі қарай жалғастыруға уағдаласты.

 

Жоғары телекоммуникация және пошта мектебі (ЖТПМ) 1881 жылы құрылған және Болгариядағы ең көне мамандандырылған жоғары оқу орны болып табылады. Оқу орны информатика, телекоммуникация, жоғары технологиялар, компьютер ғылымдары және киберқауіпсіздік салаларындағы мамандарды даярлайды.

ЖТПМ халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда және AI, Huawei және Siemens секілді әлемдегі жетекші жоғары технологиялық компаниялармен өзара іс-қимыл жасайды.

17 февраля 2026
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум туралы

Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!

 

2026 ж. 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізілетінін хабарлаймыз.

 

Болгария Республикасында тұрақты тұратын және уақытша жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына дауыс беру құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі.

 

Осыған орай, София қаласында Св.св. Кирил және Методий көшесі 37 мекенжайы бойынша орналасқан Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Елшілігі жанындағы № 452 референдум учаскесі жұмыс істейтін болады.

 

Дауыс беру 2026 ж. 15 наурызда (жексенбі күні) жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Референдум күні дауыс берушілерде Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы тиіс.

 

Сіздерді № 452 учаскесінің дауыс берушілер тізіміне қосу үшін abdrakhmanov.a@mfa.kz электрондық мекенжайына өздеріңізге қатысты мәліметтерді (Т.А.Ә., туған күні, ЖСН, паспорт нөмірі (берілген күні мен жарамдылық мерзімі), Болгарияда тұратын мекенжай, байланыс деректерді (телефон, электрондық пошта) «Референдум-2026» белгісімен алдын-ала жіберу немесе онлайн сауалнаманы⤵️

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSfGycHQO4DJqsZ5mOYrO2Nc1lPY7goyug1GXDjIF1r6Nqsf2A/viewform?usp=dialog толтыруды сұраудамыз.

Республикалық референдумды өткізу кезеңдеріне сәйкес, учаскелік референдум комиссиялары дауыс берушілердің алғашқы тізімін
2026 ж. 22 ақпанда
Орталық сайлау комиссиясына ұсынады.

 

Алдағы республикалық референдум туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының сайтында орналастырылған (www.election.gov.).

Социальные сети
Telegram
Twitter
Instagram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
ҚР Мемлекеттік рәміздері