Астана мен Скопье кезекті саяси консультациялар өткізді

Астана мен Скопье кезекті саяси консультациялар өткізді

Скопье, 2026 жылғы 30 наурыз – Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективалары саяси консультациялардың 3-ші раунды күн тәртібінің негізгі тақырыбына айналды.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов пен Солтүстік Македония Сыртқы істер және сыртқы сауда министрінің орынбасары Зоран Димитровски екіжақты қарым-қатынастардың үдемелі дамуын атап өтті, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасты. Дипломаттар Президент Г.Силяновска-Давкова мен Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Т.Муцунскидің 2025 жылы Астанаға жасаған сапарларының қорытындыларына жоғары баға берді.

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың басым мәселелерін, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді талқылады.

Келіссөздердің маңызды тақырыбы өзара сауданы жандандыру және оның құрылымын ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, туризм, білім, мәдениет сияқты салаларда әртараптандыру болды. Шарттық-құқықтық базаны кеңейту перспективалары, оның ішінде ұлттық паспорт иелері үшін визасыз режим енгізу мүмкіндігі қарастырылды.

Солтүстік Македония Сыртқы істер министрлігінің басшылығы Қазақстанды 15 наурызда өткен референдумда жаңа Конституцияның сәтті қабылдануымен құттықтап, реформалар елдің одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

А. Исетов: «Қазақстан Солтүстік Македония Республикасымен көпқырлы қарым-қатынастарды жан-жақты тереңдетуге ерекше мән береді. Былтыр 30 жылдығы аталып өткен елдер арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап басым салалардағы өзара іс-қимылдың оң динамикасы сақталуда», – деп атап өтті.

Қорытындылай келе, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі белсенді дамуына ықпал етуге дайын екендіктерін білдіріп, бірлескен бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық шараларына және екі ел экономикасының әртүрлі секторларына өзара инвестиция тартуға ерекше назар аударылатын болады.

Осыған байланысты дипломаттар биыл сәуір айында Скопьеде Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясын ұйымдастыруды және оның аясында жоспарланған сауда-өнеркәсіп палаталары арасында Іскерлік кеңес құруды құптады.