
Скопье, 2026 жылғы 2 ақпан – Қазақстан Республикасының Солтүстік Македониядағы Елшілігі Скопье қаласында туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және македониялық туристердің Қазақстанға қызығушылығын арттыру мақсатында «Қазақстанның туристік әлеуеті» тақырыбында презентация өткізді.
Іс-шараға Солтүстік Македонияның туристік компанияларының өкілдері (Elite Travel, Magelan, Mond Travel, Atlas), сондай-ақ Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық экономикалық альянстың вице-президенті З.Эделински қатысты.
Қазақстанның Елшісі Сатыбалды Бұршақов елдің туристік әлеуеті жөнінде жан-жақты презентация жасап, Қазақстанның бірегей өңірлік ерекшеліктері мен көрікті жерлері туралы баяндады.
Қазақстандық дипломат кездесуге қатысушыларды екі ел арасындағы өзара туристік алмасу мен іскерлік байланыстардың деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының туроператорларымен өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға шақырды.
Македониялық туркомпания өкілдері Қазақстанға қызығушылық танытып, туризм саласындағы өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.
Кездесу қонақтарына Қазақстан Республикасының бай туристік әлеуеті туралы бейнероликтер көрсетіліп, Қазақстан жөніндегі ақпараттық туристік материалдар таратылды.