
Охрид, 2026 жылғы 20 қаңтар – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкованың атынан дипломатиялық корпус үшін Охрид қаласында ұйымдастырылған жыл сайынғы қабылдауға қатысты.
Дәстүрлі іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Үкімет, Парламенттің, СІМ, бизнес, БАҚ, қоғам өкілдері, сондай-ақ елшілер мен халықаралық ұйымдардың миссия басшылары қатысты.
Президент Г.Силяновска-Давкова өз сөзінде дипломатияның бейбітшілік, диалог және сенім құралы ретіндегі шешуші рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы шетелдік дипломаттарға күрделі халықаралық мәселелерді шешудегі әріптестігі үшін терең ризашылығын білдіріп, олардың келіссөздер мен өзара түсіністік ұмтылысын жоғары бағалады.
Президент баяндамасында елдің еуропалық перспективасына ерекше назар аударылды: Президент Солтүстік Македонияның ұлттық бірегейлігі оның күші және Еуропалық Одақтың әртүрлілігіне қосқан құнды үлесі екенін айтты. Қорытындылай келе, дипломатиялық қауымдастыққа бейбіт болашақты нығайтуға бағытталған жемісті жыл тіледі.
Елші С.Бұршақовпен әңгімелесу барысында Президент Г.Силяновска-Давкова 2025 жылғы мамырда Қазақстанға сапарын жылы шыраймен еске алып, оның екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды кезең болғанын атап өтіп, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың ағымдағы барысына қызығушылық танытты.