Қазақстан Елшісі Битоладағы студенттерге дәріс оқыды

Қазақстан Елшісі Битоладағы студенттерге дәріс оқыды

Битола, 2025 жылғы 19 желтоқсан – Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов Битола қаласындағы Әулие Клемент Охридски университетінің студенттері мен профессорлық-оқытушылар құрамы алдында презентациялық дәріс оқыды.

Елші өз сөзінде Қазақстанның ағымдағы дамуы, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сыртқы саясаттағы жетістіктер, ҚР-ның қазіргі әлемдегі геосаяси рөлі, Астананың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі түрлі бастамалары, сондай-ақ Қазақстан-Македония ынтымақтастығының нәтижелері туралы айтты.

Қазақстан, оның салт-дәстүрлері мен халқы туралы баяндайтын бейнероликтер мен слайдтардың көрсетілімі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Дипломат тыңдаушыларды қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің заманауи дамуы, халықаралық академиялық және білім беру бағдарламалары туралы хабардар етті. Елші С.Бұршақов «Болашақ» бағдарламалары мен еліміздегі жетекші әлемдік жоғары оқу орындарының филиалдары бойынша оң тәжірибеге назар аударды.

Университет вице-ректоры Горан Иликимен кездесу барысында Елші Бұршақов білім беру саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндіктері мен перспективаларын талқылады. Екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылын, сондай-ақ Қазақстан мен Солтүстік Македонияның ғылыми орталықтары арасындағы әріптестікті дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Г.Илики қазақстандық жоғары білім беру жүйесімен тереңірек танысу мүмкіндігіне ризашылығын білдіріп, академиялық алмасу, бірлескен жобалар және ғылыми-білім беру өзара іс-қимылын кеңейту перспективаларына баса назар аудара отырып, еліміздің білім беру мекемелерімен практикалық байланыстар орнатуға терең қызығушылық танытқанын атап өтті.

Анықтама: Әулие Клемент Охридски университеті 1979 жылы Битолада құрылған және Еуропалық университет қауымдастығының (EUA), Халықаралық университеттер қауымдастығының (IAU) құрамына кіреді. Студенттер саны 15 мыңнан асады.

Университетте экономика, құқық, туризм, техникалық факультеттер, сонымен қатар ауылшаруашылық, медициналық және әлеуметтік ғылымдар факультеттер бар.  Университеттің құрамына елдегі бірегей екі ғылыми-зерттеу бөлімі кіреді: Ескі славян мәдениеті институты (Прилеп қаласында) және Гидробиологиялық институт (Охрид қаласында).