Қазақстанның Елшісі Дебар қаласының Мэрімен кездесті

Қазақстанның Елшісі Дебар қаласының Мэрімен кездесті

Скопье, 2025 жылғы 17 желтоқсан – Солтүстік Македониядағы Қазақстанның Елшісі Сатыбалды Бұршақов Дебар муниципалитетінің Мэрі Фишник Меламен кездесті.

Қазақстан Елшісі Мэр лауазымына сайлануымен құттықтап, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылысын білдірді. Ол қалалардың бауырласу байланыстарын орнату, аймақтық ынтымақтастық мәселелерін қарастыру мүмкіндігіне дайындығын атап өтті.

С.Бұршақов жергілікті әкімшіліктің қаланың тұрақты дамуын ілгерілетуге және шетелдік серіктестермен жан-жақты диалогты дамытуға қосатын үлесінің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында Елші қала басшысын Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуеті, Президент Қ.Тоқаев бастаған саяси реформаларды іске асыру барысы, сондай-ақ қазақстандық-македониялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары туралы хабардар етті.

Ф.Мела Скопьедегі Қазақстан Елшілігінің ашылуын құптап, бұл оқиғаның екіжақты ынтымақтастықты тереңдету, экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейту жолындағы маңызды қадамға айналатынын, сондай-ақ елдер арасындағы өзара іс-қимыл үшін жаңа перспективалар ашатынын атап өтті.

Қала әкімшілігінің басшысы муниципалитеттің қызметі мен одан әрі жоспарлары туралы айтып, шетелдік серіктестермен қарым-қатынасты дамытуға деген қызығушылығын білдірді.

Кездесу соңында халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған өзара бастамаларды қолдауға баса назар аудара отырып, практикалық ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.