Скопье, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Скопьедегі «INOVA» Инновациялар, ғылыми-техникалық даму және кәсіпкерлік агенттігінің басшылығы мен сарапшыларымен кездесті.
Кездесу барысында тараптар елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды, Қазақстанның инвестициялық әлеуетін, екі елдің экономикасын дамытудың басым бағыттарын, сондай-ақ инновациялық саладағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Елші Қазақстанның экономика, инновация, цифрландыру және орнықты даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысын атап өтіп, Солтүстік Македонияның іскер қоғамдастығымен диалогты кеңейтуге мүдделілігін білдірді.
Қазақстандық дипломат ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауының негізгі ережелері туралы хабардар етті. С.Бұршақов жаңа Жолдаудың тұжырымдамалық фреймі елдің терең цифрлық трансформациясы, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, оны ауқымды құрылымдық жаңғырту, сондай-ақ экономикалық және саяси реформалардың берік ғылыми және заңнамалық базасын құру идеясы болғанын атап өтті.
Елші Президент Қ.Тоқаев таяудағы үш жыл ішінде Қазақстанның толыққанды цифрлық елге айналуын аса маңызды стратегиялық міндет деп атағанын айтты. Бұл бағытты үйлестіру үшін жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Агенттік басшылығы еліміздің цифрландыру саласындағы жетістіктеріне оң баға беріп, инновациялар, цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға қызығушылық білдірді.