
Сингапур, 2026 жылғы 8 сәуір – Қазақстанның Сингапурдағы Елшісі Асқар Куттыкадам Сингапурдың Цифрлық даму және ақпарат министрлігінің Халықаралық байланыстар департаментінің директоры Чой Ён Конгпен цифрландыру, жасанды интеллект (ЖИ), киберқауіпсіздік және GovTech салаларындағы екіжақты өзара іс-қимыл перспективаларын талқылау мақсатында кездесу өткізді.
Қазақстандық дипломат цифрландыру мен ЖИ еліміздің жаңа экономикалық моделінің негізіне айналып келе жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, Үкімет алдына алдағы 3 жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде өршіл міндет қойды.
Сингапур тарапы Қазақстанның экономиканың барлық салаларында ЖИ технологияларын ауқымды енгізу үшін құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырғаны туралы хабардар етілді, оның ішінде «Жасанды интеллектті дамыту туралы» Заң мен Цифрлық кодекстің қабылдануы. Елші жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың цифрлық құқықтары бекітілгенін ерекше атап өтті, бұл цифрландырудың қарқынды дамуы мен киберқылмыстың өсуі жағдайында аса маңызды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі кеңес тиімді жұмыс істеуде.
GovTech саласына қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкіметті дамыту индексінде Қазақстан 193 мемлекет ішінде 24-орында екені атап өтілді. Сонымен қатар, еліміз онлайн-қызметтердің сапасы бойынша әлемнің үздік ондығына кіреді.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан Alem.Cloud және AL Farabium суперкомпьютерлік кластерлерін іске қосу, NVIDIA компаниясымен серіктестікте егемен есептеу хабын құру, «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» кешенді жобасын іске асыру туралы ақпарат жеткізілді.
Адами капиталды дамыту аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2026 жылы Қазақстанда ЖИ университеті құрылатыны атап өтілді.
Чой Ён Конг Қазақстанның жетістіктеріне оң баға беріп, өз тарапынан Сингапурдың осы саладағы озық тәжірибесінің жекелеген аспектілері туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, ЖИ жөніндегі Ұлттық кеңестің жұмысы, «One-North» ғылыми-зерттеу және жоғары технологиялық кластеріндегі жаңа ЖИ паркі, кәсіби құзыреттер мен ЖИ сауаттылығын дамыту, шағын және орта бизнес деңгейінде ЖИ технологияларын енгізуді қолдау шаралары баяндалды.
Цифрландыру мен ЖИ саласындағы екі елдің айқын жетістіктері аясында тараптар бірлескен жұмыстың жақсы перспективалары бар екендігі жөнінде ортақ пікірге келді. Осы бағыттағы оң қадамдар ретінде 2026 жылғы наурызда «Singapore Cooperation Enterprise» даму саласындағы ынтымақтастық агенттігі делегациясының Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрлігі өкілдерімен кездесуі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығының ашылуы атап өтілді.
А.Куттыкадам мен Чой Ён Конг 2026 жыл ішінде Қазақстан мен Сингапурда өтетін салалық халықаралық форумдар мен көрмелерге екі елдің ресми өкілдері мен компанияларының қатысу мүмкіндіктері туралы пікір алмасты, оның ішінде 2026 жылғы қазанда Астанада өтетін «AI&Digital Bridge» форумы және 2026 жылғы мамырда Сингапурда өтетін «Asia Tech x Singapore» іс-шарасы бар.
Халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық тұрғысынан Қазақстан Елшісі сингапур тарапына ЭСКАТО аясында Тұрақты даму үшін цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты орталығын құру туралы қарардың тең демеушісі ретінде қатысу және 2027-2030 жылдар кезеңіне Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) Кеңесіне Қазақстан кандидатурасын қолдау жөнінде өтініш білдірді.
Кездесу соңында А.Куттыкадам сингапурлық серіктестерді өңіріміздің жаңа цифрлық экожүйесін қалыптастыруға қатысуға шақырып, Қазақстанның бірлескен жұмысқа, жаңа идеяларға, технологияларға және ұзақ мерзімді жобаларға ашық екенін атап өтті.