Қазақстан мен Сингапур екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша «сағаттарды теңестірді»

Қазақстан мен Сингапур екіжақты ынтымақтастықтың  өзекті мәселелері бойынша «сағаттарды теңестірді»

Қазақстанның Сингапурдағы Елшісі Асқар Кұттыкадам Сингапур Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры Дживан Сингхпен жұмыс кездесуін өткізді.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны еліміздің дамуындағы сапалы жаңа кезеңнің басталуын айқындаған тарихи Конституциялық реформа туралы, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құру жөніндегі көзқарасы туралы хабардар етті.

Саяси өзгерістер ұлттық экономиканы кешенді қайта құрумен қатар дамып келе жатқаны, соның ішінде Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықтың өзекті күн тәртібін талқылады, соның ішінде 2026 жылғы сәуір айының соңында Астанада өтетін сыртқы істер министрліктері арасындағы Саяси консультациялардың кезекті раундын өткізу мәселесі қаралды.

Сингапур тарапы 2026 жылғы 22-24 сәуір кезеңінде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитті өткізу және Президент Қ.К.Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қоса алғанда Қазақстанның маңызды халықаралық бастамаларына қатысуға және қолдау көрсетуге шақырылды.

Жылы әрі ашық тұрғыда өткен кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді екіжақты серіктестікке жаңа серпін беру мақсатында тығыз байланыстарды қолдауға, соның ішінде жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру, сауда және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге уағдаласты.