
2025 жылғы 4 қарашада Сингапурдағы резиденциясымен Жаңа Зеландиядағы Қазақстан Республикасының Елшісі Асқар Құттықадам Жаңа Зеландияның халықаралық қатынастар институтында (New Zealand Institute of International Affairs – NZIIA) дәріс оқыды.
NZIIA – 1934 жылы құрылған тәуелсіз үкіметтік емес ұйым. Ол халықаралық қатынастар мен Жаңа Зеландияның сыртқы саясатына қызығушылық танытатын академиялық және іскер орта өкілдерін, дипломатиялық корпусты және қоғам мүшелерін біріктіреді.
Қазақстандық дипломат мемлекеттің 35 жылдық тәуелсіздік кезеңіндегі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ еліміздің сыртқы саясатының басты қағидаттары мен басымдықтарын кеңінен баяндады.
Ерекше назар Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың серпінді үдерістеріне, оның ішінде Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан қарауға аударылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтар аясында Астананың жасанды интеллект пен цифрландыру, көлік пен логистика, өнеркәсіптік даму және сыни маңызды материалдарды игеру салаларындағы жетекші ұстанымдары талқыланды.
Дәріс соңында Елші А.Құттықадам жаңа зеландиялық сарапшылардың, студенттердің және жұртшылық өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.