Шанхай, 2025 жылғы 14 наурыз – Шанхай шет тілдер университеті (ШШТУ) басшылығының шақыруымен Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов осы оқу орнында болып, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты (ШЕОАИ) Партия комитетінің хатшысы Ши Хуамен кездесу өткізді. Аталған кездесу барысында екіжақты ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамыту, сондай-ақ 2025 жылы түрлі бірлескен мәдени-гуманитарлық іс-шараларды өткізу перспективалары талқыланды. Кездесу соңында сұхбаттасушылар Қазақстанның Шанхай қаласындағы Бас консулдығы мен Шанхай шет тілдері университетінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты арасында тығыз байланыс орнатуға келісті.
Сондай-ақ, Қазақстанның Бас консулы ШШТУ ШЕОАИ Орталық Азия тілдері факультетінің басшылығымен және оқытушыларымен, сондай-ақ «қазақ тілі» мамандығы бойынша оқитын қытайлық студенттермен кездескенін атап өткен жөн. Осы кездесу барысында ШШТУ оқытушылары мен студенттері келешекте Қазақстан-Қытай ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық іс-шараларға қатысуға ниет білдірді. Сонымен қатар, қытай студенттері Қазақстан мен Қытайдың әйгілі әдеби шығармаларынан үзінділерді қазақ тілінде мәнерлеп оқыды. Өз кезегінде, ҚР Бас консулдығы аталған студенттерге белгілі қазақ ақындары мен жазушыларының шығармалары жазылған қазақ тіліндегі кітаптар табыстады.
Шанхай шет тілдер университеті 1949 жылы құрылған және әртүрлі шет тілдерін, оның ішінде қазақ тілін оқыту бойынша Қытайдың ірі мемлекеттік оқу орындарының бірі болып табылады. ШШТУ жанынан 2015 жылдан бастап қазақ тілін үйрену, сондай-ақ түрлі ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық іс-шараларды өткізу мәселелерімен айналысатын Қазақстан орталығы жұмыс істейді.