Роза Бағланова

Роза Бағланова

2022 жылдың 1 қаңтарында КСРО, Қазақстан және Қырғызстанның Халық әртісі, әлемге әйгілі әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толды.

Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығы  халыққа қалтқысыз қызмет етудің, сахнаға деген адалдықтың және көрерменге деген шексіз құрметтің үлгісі.

Әнші өзінің еңбек жолын Өзбек КСР Өзбек филармониясының мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде бастады, содан кейін Мәскеу консерваториясына жолдама алды. Бірақ Ұлы Отан соғысының басталуымен ансамбльмен бірге майданға аттанды. Бригада құрамында Қызыл Армия жауынгерлерінің алдында майданда өнер көрсетті: землянкаларда, вокзалдарда, танктерде және ұшақтың қанаттарында ән айтты. Ұлы Отан соғысы кезінде Роза Бағланова өз шығармашылығымен сарбаздардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, жауынгерлерді ұрыс алаңынан шығаруға көмектесіп, өзін ерлік жағынан көрсетті.

1945 жылы 9 мамырда Р.Бағланова Берлин қаласында өткен Жеңіс концертіне қатысты. Солдаттық ерлігі үшін әнші көптеген жауынгерлік марапаттарға ие болды, олардың ішінде маршалдар И.Конев пен К. Рокоссовский тапсырған 2 медальді ерекше бағалады.

Роза Бағланованың халық арасына көп тараған ерекше танымал әні Лидия Русланованың репертуарындағы «Ах, Самара-қалашығы» әні еді.

Соғыстан кейін сахнаға оралған Роза Бағланова КСРО-да бүкілхалықтық танымалдылыққа ие болған алғашқы қазақ әншісі болды. Роза Бағланованың репертуарында әлемдік опера өнерінің туындылары, түрлі елдердің халық әндері мен заманауи композиторлардың әндері бар.

Роза Бағланова – сол дәуірдің ұлттық символы: ол А.Вертинский, Г.Уланова, М.Плисецкая, И.Ильинский, А.Райкин, С.Рихтер, Д.Шафранмен бір сахнада тұрып өнер көрсеткен тұлға. Әнші гастрольдік сапармен Польша, ГДР, Мажарстан, Австрия, Чехословакия, Қытай, Корея, Үндістан, Бирма, Канада, Швеция, Бельгия және т.б. елдерді аралады.

Сондай-ақ, Роза Бағланова Сталин, Ким Ир Сен, Мао Цзе Дун, Чайболсон, Неру, Индира Ганди, Хрущев, Брежнев сынды көптеген мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды адамдардың алдында өнер көрсетті. Корея Халық республикасында болған кезінде Үкімет делегациясының қатарында жүрген Роза Бағлановаға Ким Ир Сен өзінің ұшағын бергеннің арқасында ол 10 күн бойы гастрольдік сапармен ел аралады.

Үндістанда әнші Джавахарлал Нерудың қабылдауында болып, Индира мен Раджив Гандимен кездесті.

1949 жылы әнші «Әлем жастығы» кеңестік-венгерлік деректі фильмінде түсті. 2006 жылы Алматы қаласында «Ах-Самара қалашығы» деректі кинофильмінің тұсаукесері өтті.

2021 жылы «Хабар» телеарнасы әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Бұлбұл» биографиялық көркем телесериалын шығарды.

2007 жылы Роза Бағланованың «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты өмірбаяндық кітабы жарық көрді.

Роза Бағланова туралы көптеген кітаптар мен көркем суреттер жарық көріп, поэтикалық шығармалар жинақталды. Оның есімі Маргарет Тетчер, Элизабет Тейлор және т.б. сияқты ұлы әйелдермен бірге англо-американдық «Кімнің кім екені» энциклопедиясына енген.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Роза Бағланова туралы әншінің үлкен шығармашылық жолы туралы баяндайтын «Біздің Роза» деректі фильмін түсірді.

Қазақ өнерін дәріптегені үшін көптеген атақтар мен марапаттарға ие болды.

2021 жылғы 23 қарашада ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған Атаулы күндер күнтізбесі қабылданды. Оған Қазақстанның ұсынымымен және Ресей мен Өзбекстанның қолдауымен әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы кірді.

Қазақстан Республикасында ұлы қазақ әншісі туралы естелікті сақтау мақсатында Роза Бағланованың 100 жылдығын мерекелеу шеңберінде 2022 жылы елімізде және шетелде бірқатар мерейтойлық іс-шаралардың өткізілуі жоспарланып отыр.