АӨСШК: Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақты дамуды нығайтудың жаңа тәсілдері

АӨСШК: Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақты дамуды нығайтудың жаңа тәсілдері

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 8 қыркүйегі – ҚР СІМ-де Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) мүше мемлекеттерінің, байқаушы мемлекеттерінің, жанындағы байқаушы ұйымдарының және серіктес ұйымдарының дипломатиялық миссияларының басшылары үшін брифингі өтті.

Брифингтің негізгі бөлігі Азия кеңесін халықаралық ұйымға трансформациялаудағы Қазақстан төрағалығының тұжырымдамалық тәсілдерін түсіндіруге арналды.

Ш. Нұрышев трансформациялау мақсаттары, АӨСШК-нің қайта құруға дайындығы, трансформациялаудың ұсынылған кезеңдері, сондай-ақ Кеңесті институционалдық нығайту мен дамыту көзқарасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кеңеске мүше мемлекеттердің көпшілігі 2012 жылы                       ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы бастаманы қолдайтындары атап өтілді.

«АӨСШК-ні халықаралық ұйымға айналдыру табысты жұмыс істеп тұрған диалог алаңына халықаралық субъектілік пен жаһандық рөл беріп, осылайша Азия мемлекеттерінің жалпы әлемдік процестерге ықпал ету тетіктерін нығайтады», – деп атап өтті Ш. Нұрышев.

Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар 2021 жылғы 11-12 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуінің негізгі ұйымдастырушылық аспектілері туралы хабардар етілді.

Брифинг қорытындысы бойынша пікір алмасылып, оның барысында дипломатиялық миссиялардың басшылары АӨСШК үдерісін одан әрі дамыту үшін күш-жігерлерін салуды жалғастыруға ниет білдірді.