Нинбо, 2021 жылғы 26 мамыр – Азия елдері мен Нинбо қаласы (Чжэцзян провинциясы) арасындағы мәдени-гуманитарлық және білім беру ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Нинбо қаласының кітапханасында Нинбо қаласының Халық үкіметі ұйымдастыруымен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойында орналасқан Азия елдеріне көзқарас» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме 2021 жылдың 6 маусымына дейін жалғасады, оның барысында қала қонақтары мен тұрғындары «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойында орналасқан Азия елдерінің кітаптарымен жақынырақ таныса алады.
Көрмені Нинбо қаласының Халық үкіметі Сыртқы істер басқармасының директоры Е Жунчжун, Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Рахымжан Рахимов және Индонезияның Шанхайдағы Бас консулы Дэни Курния ашты.
Көрменің ашылу салтанатында Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы Нинбо қаласының кітапханасының кітап қорына Абай Құнанбаевтың шығармаларының жинақтарын (қытай тілінде) және Қазақстанның негізгі көрікті жерлерінің фотоальбомдарын тапсырды.
Іс-шараға Шанхайда аккредиттелген Азияның 15 елінің бас консулдары мен консулдары, сондай-ақ Нинбо қаласының кейбір мемлекеттік ведомстволарының, университеттерінің және БАҚ басшылары мен өкілдері қатысты.