Алматы қаласы қазақ халқы мұрасының 100 бірегей жәдігерін Шаңхайда кеңінен таныстырды

Алматы қаласы қазақ халқы мұрасының 100 бірегей жәдігерін Шаңхайда кеңінен таныстырды

Шаңхай, 2026 жылғы 26 маусым

Шаңхай тарихи мұражайында Алматы қаласы музейлер бірлестігі Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулдығының, Алматы және Шаңхай қалалары әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырған қазақ халқының бай мәдени мұрасына арналған көрменің ашылу рәсімі өтті. Мұндай жобалар мәдени дипломатияның маңызды құрамдас бөлігі және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Көрме Қытайдағы ең ірі музей орталықтарының бірі – Шаңхай тарихи мұражайында ашылды. Бұл жерге жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген мың адам келеді. Экспозиция Қазақстанның ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін, рухани құндылықтарын және төл мәдениетін паш етіп, келушілерді Ұлы даланың мұрасымен бірегей музей жәдігерлері арқылы таныстырмақ.

Көрмені өткізу 2025 жылғы маусымда Алматы мен Шаңхай қалалары арасында бауырлас қалалар туралы байланыстардың орнатылуының нәтижесінде мүмкін болып, өткен жылы қарашада Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының Шаңхайға жасаған ресми сапары және биыл сәуірде Шаңхай мэрі Гун Чжэннің Алматыға қарымта сапары арқасында екі қала арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсті.

Экспозицияда Алматы музейлерінің қорларынан алынған қазақ халқының бай тарихи мұрасының шамамен 100 бірегей жәдігері ұсынылған. Көрме екі мегаполис арасындағы достық пен мәдениет байланыстарын нығайтуға бағытталған нақты қадам болып табылады және Қытай жұртшылығына Қазақстанның бай мәдениетін, тарихын және дәстүрлерін жақынырақ таныстыруға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Алматы музейлерінің коллекциялары Еуропа мен Азияның түрлі қалаларында сәтті таныстырылды.

Көрменің ашылуына ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің, Шаңхай қаласының Сыртқы істер кеңсесінің, муниципалитеттің Мәдениет және туризм басқармасының өкілдері, консулдық корпус уәкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Шаңхай қаласында көрме 2026 жылғы 30 тамызға дейін ашық болады.