
Шаңхай қ., 2026 жылғы 6 ақпан
Қазақстан Республикасының Шаңхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров Шаңхай қоғамдық ғылымдар академиясының (ШҚҒА) вице-президенті Гань Чуньхуэймен, ШҚҒА Халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары Лю Аминмен және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Чэн Фуцаймен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар ғылыми-академиялық саладағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Қазақстан мен Қытайдың ғылыми қауымдастықтары, әсіресе Шаңхай қаласының ғылыми-талдау орталықтары арасындағы байланыстарды кеңейту мен нығайтуға өзара мүдделі екені атап өтілді.
Бас консул қытай тарапын Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдау барысында және 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерілген бастамаларға тоқталды. Қазақстанда тағдыршешті шешімдердің жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатыны атап өтілді.
ШҚҒА өкілдері Қазақстандағы саяси жүйені жаңғырту үдерістеріне және елдің экономикалық жетістіктеріне жоғары баға беріп, ҚР мен ҚХР арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атады. Қытайлық ғалымдар Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалады. Осыған орай, тараптар қытайлық бастаманы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен ұштастырудың өзектілігін атап өтті.
Шаңхайдың ғылыми-талдау орталықтары өңірдегі, әсіресе Орталық Азиядағы Қазақстанның маңызды рөлін атап, жаһандық және өңірлік үдерістерді кешенді талдау мақсатында ғылыми қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді. Тараптар ШҚҒА сарапшылары мен қазақстандық ғылыми-талдау орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, соның ішінде 2026 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Шаңхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына орай бірлескен «дөңгелек үстел» өткізуге келісті.
Сонымен қатар ғалымдар мен зерттеушілер алмасуын кеңейту, академиялық сапарлар ұйымдастыру, бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыру, сондай-ақ ортақ ғылыми және талдамалық еңбектерді әзірлеу мүмкіндіктері талқыланды.
ШҚҒА 1958 жылы құрылған және ҚХР жетекші ғылыми институты мемлекеттік құрылымдарға зерттеулер әзірлейтін беделді ғылыми-талдау орталығы болып табылады. Академия құрамына саясат, экономика, құқық, халықаралық қатынастар, әлеуметтану т.б. бағыттар бойынша 17 ғылыми-зерттеу институттары кіреді.