
Шаңхай, 2025 жылғы 24 қазан –
2025 жылғы 24 қазанда Шаңхай қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен Республика күні мен Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдануының 35 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Шаңхай халықаралық зерттеулер академиясы (ШХЗА), Шаңхай қоғамдық ғылымдар академиясы (ШҚҒА), Шаңхай саяси ғылымдар және құқық университетінің (ШСҚУ) жетекші академиялық және сараптамалық орталықтарының қытайлық ғалымдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саясат зерттеулері институтының (ССЗИ) сарапшылары қатысты.
Бас консул Нұрлан Аққошқаров өз сөзінде қатысушыларды Республика күнімен және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығымен құттықтап, бұл күндердің Қазақстанның тәуелсіздігі, тұрақтылығы және қарқынды дамуының символы екенін атап өтті.
Ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстан терең саяси және экономикалық жаңғыру жолынан өтіп, Орталық Азиядағы мойындалған көшбасшы елге айналғанын атап көрсетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаторлық бағытының арқасында ел демократиялық институттарды нығайтып, инновациялық технологияларды дамытып, тұрақтылық пен ашықтыққа негізделген жаңа экономикалық өсу моделін қалыптастыруда.
Өз сөзінде Бас консул Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауының негізгі қағидаларын қытай сарапшыларына жеткізді. Ал ҚСЗИ мен ССЗИ өкілдері «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» атты кітаптың негізгі идеяларын таныстырып, қазіргі Қазақстанның стратегиялық көзқарасын және сыртқы саясаттағы басымдықтарын түсіндірді. Сондай-ақ, қазақстандық сарапшылар соңғы 34 жылда жоғары деңгейге жеткен және жаңа «алтын отызжылдыққа» аяқ басқан қазақ-қытай қатынастарының табыстарына назар аударды.
Өз кезегінде ШҚҒА жанындағы Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының құрметті директоры профессор Пан Давэй, ШХЗА Ресей зерттеулері орталығының директоры Цян Сяоюнь, ШСҒҚУ-дің философия докторы Цуй Хэн және басқа да сарапшылар қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен табыстарына жоғары баға берді.
Қытай ғалымдары Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның тарихи маңызын, оның қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуындағы және тәуелсіздік мәдениетінің дамуына ықпалын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми зерттеулер, білім беру, «жасыл экономика» және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың келешегіне назар аударылды.
Қытайлық қатысушылар Президент Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, Қазақстанның Еуразия мен Орталық Азиядағы Қытайдың сенімді әрі маңызды серіктесі болып қала беретінін атап өтті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар сараптамалық және академиялық ынтымақтастықты жалғастыруға, бірлескен зерттеулерді кеңейтуге және екі елдің ғылыми орталықтары арасындағы байланыстарды нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
Іс-шара соңында қатысушылар Қазақстан Республикасының Республика күнімен бір-бірін құттықтап, қазақ халқына одан әрі өркендеу, тұрақтылық пен игілік тіледі.