Батыс Қазақстан облысы Қытайдың шығыс бөлігімен инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Батыс Қазақстан облысы Қытайдың шығыс бөлігімен инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Нанкин қ., 2025 жылғы 09 қазан –

Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулы Н.Аққошқаров БҚО әкімі Н.Төреғалиев басқаратын Батыс Қазақстан облысы делегациясының Нанкин қаласына (Цзянсу өңірі, ҚХР) жұмыс сапары аясында өткен «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ инвестициялық және сауда өкілдігінің салтанатты ашылуына қатысты.

Аталған сапар барысында қазақ делегациясы тікелей сауда бойынша ынтымақтастық алаңы болып табылатын «Цзянсу-Орталық Азия» орталығына барып, Цзянсу өңірінің «SOHO» корпорациясының  басшылығымен келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, БҚО басшысы «SOHO» корпорациясының президенті Чен Шуды Қазақстанның батыс өңірінің инвестициялық және сауда-экономикалық әлеуетімен таныстырды, сондай-ақ қытай компаниясын облыс аумағындағы бірлескен жобаларды жан-жақты талқылау үшін Орал қаласына шақырды.

«SOHO» басшылығы БҚО-да фармацевтика, қаттықалдықтар мен қоқыстарды қайта өңдеу сияқты жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді. Келіссөздер аяқталғаннан кейін, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында БҚО әкімімен «SOHO» президенті «Цзянсу-Орталық Азия» алаңында орналасқан «Aqjaiyq» ӘКК» инвестициялық және сауда өкілдігінің кеңсесін салтанатты түрде ашты.

Сонымен қатар, Цзянсу өңіріне жұмыс сапары барысында қазақстандық делегация Нанкин қаласындағы «China gas» ақылды энергетика компаниясына барып, өзара тиімді ынтымақтастық келешегін талқылау барысында Н.Төреғалиев «China gas» өкілдерін Орал қаласында ЖЭО құрылысына қатысуға шақырды.