ҚР жоғары аудиторлық палатасы мен ҚХР ұлттық аудит офисі арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы

ҚР жоғары аудиторлық палатасы мен ҚХР ұлттық аудит офисі арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы

Нанкин қ., 2025 жылғы 22-24 қыркүйек.

2025 жылғы 22-24 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (ЖАП) төрағасы Ә.Смайылов қытай тарапының шақыруы бойынша Нанкин қаласына (Цзянсу өлкесі) барды.

ҚР ЖАП төрағасы Ә.Смайылов Азия жоғарғы аудит органдары ұйымының (АЖАОҰ) жастарды жетілдіру бағдарламасының ашылу салтанатына қатысып, Азия елдерінің мемлекеттік аудиторлық институттары аясында кәсіби даму мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Ашылу рәсіміне Қытайдың бас аудиторы Хоу Кай, Индонезия аудит палатасының төрайымы доктор Исма Ятун, Ирактың Федералды жоғарғы аудит палатасының президенті доктор Аммар Халаф, АЖАОҰ-ға мүше басқа елдерінің жоғарғы аудит өкілдері, сондай-ақ 300-ден астам адам қатысты.

Сапар аясында Ә.Смайыловқа Нанкин аудит университетінің (НАУ) құрметті профессоры атағы берілді. Бұл қытай тарапының  Қазақстанның халықаралық аудит саласындағы рөлін және аудиттің озық тәжірибесін ілгерілетудегі оның қосқан үлесін  мойындағанын куәландырды. Іс-шара барысында делегация басшылары НАУ бағында ынтымақтастық пен серіктестіктің нышаны ретінде ағаштар отырғызды.

ҚР ЖАП төрағасы Ә.Смайылов пен ҚХР Бас аудиторы Хоу Каймен екіжақты кездесу кезінде екі елдің мемлекеттік аудит саласындағы кең ауқымды мәселелерін талқылады. Екі елдің жоғарғы аудит басшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы сенім мен өзара түсіністікті одан әрі нығайту маңыздылығын атап, екі тараптың арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және тәжірибе алмасу тиімділігіне ерекше назар аударды.

Тараптар институционалдық өзара іс-қимылды нығайтудың, сондай-ақ АЖАОҰ мен ШЫҰ сияқты халықаралық алаңында озық тәжірибе енгізудің және бірлескен бастамаларды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, бірлескен іс-шаралар жүргізуге, сондай-ақ көпжақты алаңдар шеңберінде өзара қолғабыс көрсетуге уағдаласты.

Анықтама: АЖАОҰ-1979 жылы құрылған аймақтық ұйым, оның құрамына Азияның 40-тан астам елі кіреді. Қазақстан 2000 жылдан бастап АЖАОҰ мүшесі болып, 2024-2027 жылдарға оның Басқарушы кеңесінің құрамына сайланды.