Сеул, 2025 жылғы 23 сәуір – Оңтүстік Корея астанасында доктор Ким Чу Ённың «Орталық Азия. Шымылдық ашылады: дала қойнауынан табылған 12 хикая» атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан Елшіліктерінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы (ОАКР) Хатшылығының басшысы қатысты.
Кітапта автордың аймақты аралау барысында алған әсерлері арқылы Орталық Азияның мәдени-рухани мұрасы, тарихы, әдебиеті, өнері мен адамдары жайлы баяндалады. Тұсаукесерге Кореяның жетекші туроператорлары мен әуе компанияларының өкілдері, сондай-ақ журналистерден құралған 70-тен астам қонақ қатысты.
Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов іс-шарада сөз сөйлей отырып, туризмнің халықтар арасындағы жақындасуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге және Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды құрал екенін атап өтті. Ол доктор Ким Чу Ён сияқты корей сарапшыларының өңірдің мәдени мұрасын насихаттауға қосқан үлесіне жоғары баға берді.
Сонымен қатар, Елші туризмді дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін және бұл сала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарында екенін айтты. Осыған орай, шетелдік туристер үшін қолайлы жағдайлар жасалып келеді: Қазақстан мен Корея арасында визасыз режим орнатылған, тікелей әуе қатынастары дамып жатыр. Мәселен, Астана – Сеул және Алматы – Сеул бағыттарындағы тұрақты рейстерге қосымша, 2025 жылғы 29 мамырдан бастап SCAT әуе компаниясы Шымкент – Сеул бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады.
Елші корей компанияларының Қазақстанның халықаралық туристік көрмесіне (KITF, 23–25 сәуір, Алматы) қатысуы, сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстан тарапының Сеулде өтетін халықаралық туристік көрмеге (SITF, 5–8 маусым 2025 жыл) атсалысуы өзара серіктестікті орнатуға зор мүмкіндік екенін айтты. Осыған байланысты ол екі елдің туроператорларын тиімді әрі тартымды туристік пакеттерді әзірлеу бойынша күш біріктіруге шақырды. Мұндай жобалар халықтардың мәдениетімен, тарихымен және табиғатымен жақынырақ танысуға жол ашады.
ОАКР ынтымақтастық форумы Хатшылығының Атқарушы директоры Ли Чон Гук Орталық Азияға деген қызығушылықтың артуы туризмді, мәдени алмасуды және халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге тың мүмкіндіктер ашатынын айтты. Атап айтқанда, ол: «Орталық Азия – Ұлы Жібек жолының жүрегі әрі шығыс пен батыс өркениеттері тоғысқан даналық мекені. Бұл – әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми сияқты әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдар мен ғалымдардың отаны» деді. Сонымен қатар, ол туристік агенттіктер, әуе компаниялар мен туристік ұйымдарды қамтитын ОАКР Туризм кеңесін құру бастамасы практикалық серіктестікке бағытталған маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Іс-шара аясында корей жазушысы Ким Чу Ён өзінің Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне жасаған жеке сапары негізінде жазылған кітабы туралы кеңінен баяндады. Ол Орталық Азияның мәдени мұрасына, табиғи сұлулығына және рухани байлығына деген терең сүйіспеншілігін жеткізді. Әсіресе, «Орталық Азия әсем табиғатымен, ғажайып сәулетімен, дәмді тағамдары мен тәтті жемістерімен танымал – бұл өңірде көп қызық бар. Бірақ мен үшін Орталық Азияның басты ерекшелігі – мұнда әлемдегі ең мейірімді адамдар өмір сүреді» деді ол.
Сондай-ақ, өз сөзінде автор Қазақстанның кітабында ерекше орын алатынын, елдің бай мәдени мұрасы мен Орталық Азия өнеріндегі маңызды орнын атап өтті. Ол Алматыдағы Ұлттық музейге жасаған сапары жайлы айтып, дала өркениетінің символына айналған «Алтын адамнан» ерекше әсер алғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол Алматыдағы корей театрына барып, корей диаспорасының өкілдерімен жүздесіп, қазақ және корей мәдениеттері арасындағы терең байланысты сезінгенін тілге тиек етті. Сарыесік-Атырау қорығына жасаған сапары да оны бей-жай қалдырмады – ол Қазақстан далалары мен шөлдерінің қайталанбас табиғатымен танысып, осы өңір экожүйесін сақтау маңызды екенін баса айтты. Автор сондай-ақ қазақ әдебиетінің ұлы өкілі Абай Құнанбайұлының шығармаларын корей оқырмандарына таныстырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Бұл маңызды шара Орталық Азияның халықаралық туризм картасындағы өсіп келе жатқан рөлін айқындап, елдеріміз арасындағы мәдени және достық байланыстарды одан әрі нығайтуға септігін тигізді.