Сеулде Eastar Jet Алматыға жаңа тікелей рейс ашты

Сеулде Eastar Jet Алматыға жаңа тікелей рейс ашты

Сеул, 2025 жылғы 7 сәуір – Оңтүстік Кореяның Eastar Jet әуе компаниясы Сеул – Алматы бағыты бойынша жаңа тікелей рейс ашты. Бұл Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам болып табылады.

Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов рейсті ашу салтанатында сөз сөйлей отырып, қазіргі таңда екі ел арасында аптасына 11 тікелей рейс орындалып отырғанын жеткізіп, Eastar Jet компаниясының екі жаңа рейсінің қосылуы жаңа «әуе көпірін» құрып, бизнес серіктестіктерді дамытуға және туристік ағымды ұлғайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

Сондай-ақ, Елші екі ел азаматтары арасындағы байланыстардың белсенді түрде дамып келе жатқанын, бұл өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға көмектесетінін айтты. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанға барған корей туристерінің саны 40 180 адам болып, 12%-ға өсті, ал Кореяға барған Қазақстан азаматтарының саны 53 224 адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8% өсім көрсетті.

Қазақ дипломаты инвестициялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Корея Қазақстан экономикасына инвестиция құйған ең ірі үш инвестордың қатарына кіріп, 1,2 млрд АҚШ долларын салғанын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстанда 876 компания корей капиталымен жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ корей компанияларымен бірлесіп ірі инновациялық және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Eastar Jet компаниясының Бас атқарушы директоры Чо Джунг Сок өз кезегінде: «Алматыға рейс – бұл біздің әуе компаниямыз үшін жаңа сынақ әрі үлкен мүмкіндік. Қазақстан – Орталық Азияның жүрегі, бай ресурстары бар ел, сондай-ақ туризм мен мәдени алмасудың маңызды орталығы. Біз осы рейстің ашылуымен екі ел арасындағы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың нығая түсетініне сенімдіміз», – деп атап өтті.

Ол сондай-ақ Eastar Jet компаниясының алдағы уақытта әртүрлі ұйымдармен ынтымақтастықты белсенді түрде дамыту жоспары туралы айтып, «Кореядан Алматыға келетін туристер үшін саяхаттарды одан әрі қолжетімді әрі ыңғайлы ету» мақсатында жұмыс жасайтынын білдірді. Сондай-ақ ол «жолаушылар Қазақстанның табиғи сұлулығын және бай мәдени мұрасын жеке сезінетін болады» деген үмітін білдірді.

Жаңа рейстің ашылуы Қазақстан мен Корея арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің тереңдеуіне тағы бір қадам болды.