Сеул, 2025 жылғы 27 наурыз – Сеулде Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов Корея Республикасының Персоналды басқару министрі Ён Вон Джонмен кездесті.
Тараптар 2024 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Корея Республикасының Персоналды басқару министрлігі арасында, сондай-ақ Астаналық мемлекеттік қызмет хабы мен Корея Республикасының Персоналды басқару министрлігі арасында Корей орталығын құру туралы қол қойылған меморандумдар аясында мемлекеттік қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында белгіленген, меритократия қағидаттарын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру жөніндегі мақсаттар аясында қазақ дипломаты осы бағыттардағы белсенді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, Министр Ён Қазақстан тарапының қажеттілігіне бейімделген мемлекеттік қызметшілерге арналған оқыту бағдарламаларын кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Нұрғали Арыстанов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбаевтың 2025 жылғы 20 маусымда Астанада өтетін «GovHR Forum: Жаңа жүйелер, заманауи қызметтер, тың шешімдер» халықаралық форумына шақыруын табыстады. Корей тарапы шақыру үшін алғысын білдіріп, бұл іс-шараға қатысуға ниетін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру мақсатында диалогты жалғастыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.