Сеул, 2025 жылғы 28 ақпан – Корея Республикасының астанасында «Корея мен Қазақстан арасындағы маңызды минералдар жөніндегі инвестициялық диалог» атты семинар өтті. Іс-шара Кореяның геологиялық зерттеулер және минералдық ресурстар институтының (KIGAM) қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Hyundai Development Company, POSCO International, LX International сияқты жетекші корейлік компаниялармен қатар, Сеул ұлттық университеті және Пусан ұлттық университеті секілді беделді оқу орындарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрғали Арыстанов өз сөзінде маңызды материалдар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанның Корея Республикасымен литийді барлау, өндіру және өңдеу саласында тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты. Литий – жоғары технологиялық индустриялар мен тұрақты экономикалық даму үшін аса қажетті және стратегиялық маңызды ресурстардың бірі.
KIGAM Президенті Ли Пён Гу корейлік компанияларды Қазақстанға инвестиция салуды күшейтуге шақырып, елдің маңызды минералдар саласындағы зор әлеуетін атап өтті.
Кореядағы «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілі Дәулет Сақтағанов шетелдік инвесторларға Қазақстан ұсынатын негізгі инвестициялық мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туралы ақпарат берді.
Іс-шара барысында сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы «Бакенное» литий кен орнына жүргізілген зерттеу нәтижелері ұсынылды. Бұл қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, маңызды минералдарды өндіру және өңдеу саласына инвестиция тартуда маңызды қадам болды.
Семинар қорытындысы бойынша корейлік компаниялар Қазақстанмен маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді. Тараптар екі елдің қажеттіліктеріне сай табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.