Сеул, 2024 жылғы 18 мамыр – «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумы Хатшылығының ұйымдастыруымен Оңтүстік Кореяда екі күн бойы Орталық Азия елдерінің көктемгі фестивалі өтті.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «ОАКР» ынтымақтастық форумы Хатшылығының Атқарушы директоры Ли Чон Гук Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы достықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов соңғы жылдары мәдени-гуманитарлық байланыстардың кеңейгенін атап өтіп, оның елдеріміз арасындағы көпқырлы өзара іс-қимылды, оның ішінде туристік алмасуды нығайтуға ықпал еткенін жеткізді. Атап айтқанда, екі елдің авиациялық билігі арасындағы келісім нәтижесінде ү.ж. 15 маусымнан бастап Астана мен Сеул арасында тікелей әуе қатынасы ашылатынын және оны Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы «Эйр Астана» жүзеге асыратынына назар аударды.
Іс-шараның басты оқиғасы Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хорының әсерлі өнер көрсетуі болды. Екі күн бойы олар халық және заманауи әндерді, классикалық опералардан үзінділерді орындап, сондай-ақ, «Ариранг» корей халық әнін жергілікті көрерменге ерекше тарту етті.
Сонымен қатар, фестиваль аясында Қазақстан Елшілігі «Nomad» Кореядағы қазақстандықтар қауымдастығымен бірлесіп, дәстүрлі тағамдар, дала көшпенділерінің тұрмыстық заттары, ұлттық киімдер мен елдің көрікті жерлерінің суреттері қойылған арнайы стенд ұйымдастырды.