Кореяның Оңтүстік Чхунчхон провинциясы Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Кореяның Оңтүстік Чхунчхон провинциясы Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Оңтүстік Чхунчхон, 2024 жылғы 5 сәуір – Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Оңтүстік Чхунчхон провинциясының губернаторы Ким Тэ Хыммен кездесу өткізді.

Жүздесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларына қатысты пікір алмасты.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ Қазақстанды» құру, сондай-ақ елдің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту жөніндегі бастамалары туралы хабардар етті. Дрондарды, жоғары технологияларды және жасанды интеллектті қолдану сияқты негізгі бағыттарды дамыту жоспарлары Кореямен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деген пікір білдірді. Сонымен қатар, студенттер мен университеттердің оқытушылар құрамымен алмасуды кеңейтудің үлкен әлеуеті атап өтілді.

Провинция басшысы іскерлік байланыстар орнату үшін бизнес-делегацияның сүйемелдеуімен Қазақстанға бару ниеті туралы хабарлады. Сонымен қатар, губернатор провинцияның Қазақстан өңірлерімен бауырластық байланыс орнатуға мүдделілігін атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің өңіраралық ынтымақтастығын нығайту мақсатында бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.