Оңтүстік Корея мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі

Оңтүстік Корея мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі

Сеул, 2024 жылғы 7 наурыз – Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Корея Республикасының Персоналды басқару агенттігінің Төрағасы (Minister of Personnel Management)  Ким Сынг Хоның Орталық Азия елдері дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесуіне қатысты.

Тараптар Орталық Азия елдері мен Кореяның мемлекеттік қызметті жетілдіру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі осы саладағы табысты корей тәжірибесін ескере отырып, Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қызметшілерін даярлау және оқыту мәселесі бойынша ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды. Қазақстандық дипломат Қазақстанның экономикалық дамуы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларды жүргізу саласындағы жетістіктерімен таныстырды.

Ким Сынг Хо Персоналды басқару агенттігінің негізгі функциялары мен міндеттері туралы айтып, Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықтың ерекше маңыздылығын атап өтті. Корей тарапы өңірдің әрбір елі үшін қызығушылық тудыратын тақырыптар бойынша оқыту бағдарламаларын кеңейтуге дайын екендігін білдірді.

Іс-шара шеңберінде өзара тиімді кооперацияны одан әрі кеңейтудің жолдары туралы пікір алмасылды және «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматы шеңберінде мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру бойынша осындай диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.