Пусан, 2023 жылғы 15 қараша – Алматы және Пусан қалалары арасындағы достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуының бірінші жылдығын мерекелеу аясында «Сазген сазы» қазақстандық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті өтті.
Іс-шараны Пусан қаласының мэриясы мен Пусанның жаһандық қалалық қоры Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстанның Пусан қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырды.
Пусан қаласының тұрғындары мен қонақтары қазақстандық ансамбльді жылы қарсы алып, ұлы дала музыкасын тамашалауға және онымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Елші Нұрғали Арыстанов құттықтау сөз сөйлеп, бұл іс-шараның мәдени байланыстарды ілгерілетуде ерекше маңызы бар екенін және Пусан тұрғындары үшін «сыйлық» екенін атап өтті.
Сонымен қатар, осы күні Елші Нұрғали Арыстановтың Донг-Ый университетінің студенттеріне арнайы дәріс өткізді. Донг-Ый университеті Пусан қаласындағы ең ірі 5 жоғары оқу орындарының бірі болып табылады және техникалық мамандарды даярлауға, соның ішінде автомобиль жасау саласында мамандандырылған.
Студенттер Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарымен, екіжақты қатынастардағы жетістіктермен, сондай-ақ Президенттің жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы «Әділ Қазақстанды» құру жөніндегі бастамаларымен танысты.
2023 жылғы 2 қарашада Донг-Ый университеті А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойғанын атап өту қажет. Осы меморандум шеңберінде Қазақстанның автомобиль саласы үшін отандық кадрларды даярлау көзделген.
Өткізілген түрлі мәдени-гуманитарлық және экономикалық іс-шаралардың арқасында Алматы мен Пусан қалалары арасындағы көп қырлы байланыстар табысты түрде дамуда.