Сеулде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Сеулде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Сеул, 2023 жылғы 8 қараша – Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов Сеулдегі Жаһандық бизнес форум (Global Business Forum) алаңында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

Іс-шараға Оңтүстік Кореяның ірі компанияларының, талдау орталықтарының, экономикалық институттар мен қауымдастықтарының 100-ден астам басшылары қатысты.

Іс-шараны биыл 70 жылдығын атап өтіп жатқан Кореяның жетекші ағылшын тілді күнделікті «The Korea Herald» газеті  ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – Кореяның бизнес қоғамдастығының көшбасшыларымен байланыс орнатуға арналған платформа құру, сондай-ақ іскерлік ынтымақтастықты нығайту.

Елші Нұрғали Арыстанов өз сөзінде «біздің елдеріміз арасында Оңтүстік Кореяның Hyundai Motors, Kia, SK Ecoplant, Korea Expressway және Doosan Enterbility сияқты ірі компанияларының қатысуымен табысты іске асырылған бірқатар инвестициялық және серпінді жобалар бар. Сонымен қатар, Қазақстанда құрылыс қарқыны байқалады: тұрғын үйлер, қонақ үйлер, ауруханалар, мектептер, жолдар салынуда және басқа да инфрақұрылымдар жаңартылуда» деп атап өтті.

2023 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Кореядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 32,5%-ға өсіп, 717 млн. АҚШ. долл. құрағанын атап өту керек. 2023 жылғы қаңтар-маусым кезеңінде тартылған инвестициялардың көлемі бойынша Оңтүстік Корея Қазақстан экономикасындағы ірі инвестор-елдер арасында 6-шы орында тұр.

Сондай-ақ, одан әрі ынтымақтастық үшін перспективалы бағыттар ретінде инфрақұрылым, автомобиль жасау, электрондық сауда, IT, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау және туризм атап өтілді.

Іс-шара аясында қонақтарға Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен көрікті жерлері туралы бейнеролик көрсетіліп, еліміз туралы баспа материалдар таратылды.