Оңтүстік Кореяның кәсіпкерлері фармацевтика және медицина саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Оңтүстік Кореяның кәсіпкерлері фармацевтика және медицина саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Сеул, 2022 жылғы 29 маусым – Оңтүстік Кореяның астанасында фармацевтика және медицина саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюға арналған Қазақстан-Корея дөңгелек үстелі өтті.

Дөңгелек үстелді өткізудің негізгі мақсаты биофармацевтикалық кластерлерді құру бойынша тәжірибе алмасу, медициналық бұйымдарды өндіру саласында ынтымақтастықты жолға қою, сондай-ақ одан әрі ынтымақтастық үшін әлеуетті компанияларды іздеу болып табылады.

Іс-шараға «Meerecompany» (операциялар жүргізуге арналған роботтар өндірісі), «Corentec» (тізе протездерін өндіру), «Kolon Corporation» (дәрілік препараттар өндірісі) және т.б. Оңтүстік Кореяның 40-қа жуық фармацевтикалық компаниясы қатысты. 

Қазақстандық делегация құрамына Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «СҚ-Фармация» ЖШС, Оңтүстік Қазақстанның фармацевтикалық кластері, «Ordamed» АҚ, «Dolce-Pharm» және т. б. ұйымдар мен компаниялар кірді.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Қазақстан экономиканы жаңғыртуды табысты іске асыру үшін қажетті инвестициялар мен озық технологияларды тартуға мүдделі екенін, сондай-ақ, Қазақстан өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға дайын екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Қазақстанда жоғары технологиялық жабдықтарды өндіру, УДЗ аппараттарының жергілікті өндірісі, сондай-ақ ПТР-тесттерге арналған реагенттерді өндіру және сату бойынша ынтымақтастықты қамтитын 5 Меморандумға қол қойылды.