Абайдың корей тіліндегі өлеңдерінің онлайн тұсаукесері өтті

Абайдың корей тіліндегі өлеңдерінің онлайн тұсаукесері өтті

2020 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты корей тіліндегі өлеңдер жинағының онлайн презентациясы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Қазақстан Республикасының Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасының меңгерушісі Умітхан Мұналбаева қатысты.

Қазақстан тарапынан PhD докторы, ғалым, ақын, аудармашы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Төрегелді Тұяқбай, кореялық тараптан – Абай Құнанбайұлының өлеңдерін аударған ақын Ким Бён Хак, Ханкук шет тілдер университетінің Орталық Азиятану бөлімінің меңгерушісі, Орталық Азиятану институтының директоры Сон Ёң Хун, Ханкук шет тілдер университетінің Орталық Азиятану бөлімінің профессоры Әлия Кұрышжан және Дондук қыздар университеті жанындағы Түркітану институтының директоры О Ын Гёң және басқалар қатысты.

Шара барысында опера әншісі Им Чоң Хуа мен Сеул ұлттық аралас хорының аға дирижері Олег Ким Абай Құнанбайұлының әндерін орындап шықты. Ханкук шет тілдер университетінің Орталық Азиятану бөлімінің студенттері Абайдың шығармаларын қазақ тілінде оқып, Абайды қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы ретінде танып білгендері туралы айтып берді.  

Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы кітабы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы, 104 өлең, 2 поэма және ұлы ақынның философиясының түсіндірмелерінен тұрады

Кітаптың авторы, ақын және аудармашы Ким Бён Хак Қазақстанда 20 жылдан астам өмір сүріп, Үштөбедегі корей орталығында, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жұмыс істеді. Сонымен қатар, «Корё Ильбо» газетінің Қазақстандағы тілшісі және Алматыдағы Корей білім орталығының директоры қызметін атқарды.

Қазіргі уақытта ол Куаңжудағы ТМД корейлерінің мәдениеті мен тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері болып істейді. 2020 жылы маусымда ТМД-дағы корейлердің мәдениеті мен тарихын зерттеуге қосқан үлесі үшін Корея Республикасының Президенті Мун Чже Иннің атынан марапатына ие болды.