Қазақстан Елшісі 21-ші Чеджу форумына қатысып, Корея Республикасымен стратегиялық әріптестіктің басымдықтарын атап өтті

Қазақстан Елшісі 21-ші Чеджу форумына қатысып, Корея Республикасымен стратегиялық әріптестіктің басымдықтарын атап өтті

Чеджу, 2026 жылғы 24-25 маусым – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали 21-ші Чеджу бейбітшілік және өркендеу форумына (Jeju Forum for Peace and Prosperity) қатысты.

Қазақстандық дипломат Чеджу бейбітшілік институты ұйымдастырған «Expanding Multi-Layered Cooperation between Korea and Central Asia: Energy, Industry, and Cultural Exchange» атты панельдік сессиясында сөз сөйледі. Іс-шара 2026 жылғы қыркүйекке жоспарланған мемлекеттер басшылары деңгейіндегі Алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті қарсаңында Корея Республикасы мен өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылау үшін Орталық Азия мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын, сондай-ақ кореялық сарапшыларды біріктірді.

Өз сөзінде А. Исенали Қазақстан-Корея қатынастарының қазіргі жай-күйіне жоғары баға беріп, жоғары деңгейдегі сенімді диалог мемлекетаралық өзара іс-қимылды дамытуға қуатты серпін беретінін атап өтті. Қарқынды дамып келе жатқан Орталық Азия өңірінің елеулі ресурстық әлеуеті мен Корея Республикасының озық технологиялық базасының үйлесуі орнықты экономикалық модельдерді қалыптастыруға және өзара тиімді жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді. Қазақстан тарапы екі елдің ұзақмерзімді мүдделеріне сай келетін ынтымақтастықты одан әрі әртараптандыру және тереңдету бағытына бейілділігін растады.

Қазақстандық дипломат екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде энергетика және критикалық маңызды минералдар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ өндірістік және технологиялық тізбектерді нығайтуды атап өтті. Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетіне, оның ішінде мультимодальды Орта дәліз инфрақұрылымын жаңғыртуға және логистика саласында цифрлық платформаларды қолдануды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жоғары технологиялар, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында технологиялық ынтымақтастықты арттыруға ниеттілігін білдірілді.

Сөзінің соңында Елші А. Исенали гуманитарлық деңгейдік маңыздылығына назар аударды. Қазақстандағы корей қауымдастығының екі елдің халықтары арасындағы маңызды «достық көпірі» ретіндегі тарихи және біріктіруші рөлін атап өтті. Осы тұрғыда корейлердің Орталық Азияға қоныс аударуының 90 жылдығының маңыздылығы аталып өтіліп, оның Орталық Азия мен Корея халықтары арасындағы достық байланыстардың тұрақты нығаюын бейнелейтінін айтты.

Чеджу форумы – Корея Республикасының мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар, іскер топтар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдерін біріктіретін жетекші халықаралық диалог алаңдарының бірі. Форум ашық диалог пен халықаралық ынтымақтастық арқылы өзекті өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге практикалық шешімдер іздеуге бағытталған. 2026 жылы 21-ші Форум «Reinventing Cooperation in a Fragmented World» («Әлемдегі ынтымақтастықты қайта қарастыру») тақырыбымен өтіп, бейбітшілік пен қауіпсіздік, энергетикалық өтпелілік, жасанды интеллект, климаттық күн тәртібі, орнықты даму және халықаралық өзара іс-қимылдың жаңа модельдері мәселелеріне арналды.