Сирек жер металдары күн тәртібінде: Корея Республикасында геологиялық барлау, стратегиялық шикізат өндіру және бірлескен ғылыми зерттеулер саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Сирек жер металдары күн тәртібінде: Корея Республикасында геологиялық барлау, стратегиялық шикізат өндіру және бірлескен ғылыми зерттеулер саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Тэджон, 2026 жылғы 18 маусым – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асет Исенали Кореяның Геологиялық зерттеулер және минералдық ресурстар институтының (KIGAM) президенті И Гюн Квонмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар геология, жер қойнауын пайдалану, критикалық минералдар және ғылыми-технологиялық зерттеулер салаларындағы Қазақстан мен Корея арысындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Елші А.Исенали елімізде минералдық-шикізат кешенін дамыту, геологиялық барлау жұмыстарына озық технологияларды тарту және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастық үшін жасалып жатқан бастамалар туралы айтты.

Сонымен қатар, кездесуде сирек жер металдары секторындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды. Атап айтқанда, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және стратегиялық шикізатты жеткізудің орнықты тізбектерін қалыптастыру тұрғысынан өзара қызығушылық тудыратын Шығыс Қазақстан облысындағы «Бакенное» кен орны бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.

И Гюн Квон Қазақстанның Еуразиядағы жетекші мемлекеттердің бірі әрі Корея Республикасының минералдық ресурстар саласындағы маңызды серіктесі екенін атап өтіп, геологиялық барлау, критикалық минералдар және стратегиялық шикізатты жеткізудің тұрақты тізбектерін қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және геология ғылымын дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге, сондай-ақ критикалық минералдар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайдығын растады.

Кездесу нәтижесі бойынша тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жоспарланған сапары екі елдің геология саласындағы ынтымақтастығын дамытуға елеулі серпін беретініне сенім білдірді.

KIGAM геология, минералдық ресурстар, геологиялық барлау, критикалық минералдар, жер қойнауын орнықты игеру технологиялары және геологиялық деректерді цифрландыру салаларындағы Кореяның жетекші мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты болып табылады. Институт стратегиялық шикізатқа қолжетімділікті қамтамасыз ету және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ұлттық стратегияны іске асыруда маңызды рөл атқарады.