Қазақстан мен Корея Республикасы су ресурстары саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Корея Республикасы су ресурстары саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Тэджон, 2026 жылғы 16 маусым - Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асет Исенали Корея су ресурстары корпорациясының (K-water) Атқарушы вице-президенті Сон Ён Ханмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар су ресурстарын басқару, су шаруашылығы инфрақұрылымын орнықты дамыту, заманауи цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады. Су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, су объектілерін мониторингтеу мен басқарудың зияткерлік жүйелерін дамыту, сондай-ақ су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне бейімделу бағытындағы озық тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Елшісі су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, суды пайдалануды қамтамасыз ету және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен бастамалар туралы айтты.

Кездесу барысында жаһандық су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі нығайтудың маңыздылығы атап өтілді. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы ақпарат берді. Аталған ұйым халықаралық үйлестіруді нығайтуға, білім мен технологиялар алмасуды дамытуға, ресурстарды жұмылдыруға және су қауіпсіздігі саласындағы тиімді ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған.

Тараптар су технологиялары, су шаруашылығы инфрақұрылымын басқару және бірлескен жобаларды іске асыру, оның ішінде су тасқындары мен селдердің алдын алу және мониторинг жүргізу үшін цифрлық технологияларын пайдалану бағыттарындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын да қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар су ресурстарын орнықты басқару мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруға және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.

K-water - Корея Республикасының су ресурстарын басқару саласындағы ұлттық корпорациясы әрі су технологиялары, су қоймаларын пайдалану, сумен жабдықтау жүйелері, цифрлық шешімдер және су инфрақұрылымын дамыту салаларындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.