Қазақстан мен Корея Республикасы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Корея Республикасы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Тэджон, 2026 жылғы 16 маусым – International Space Summit 2026 халықаралық ғарыш саммиті аясында Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асет Исенали оңтүстіккореялық CONTEC Co., Ltd. компаниясының негізін қалаушысы әрі директорлар кеңесінің Төрағасы Ли Сон Химен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-куйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, спутниктік технологиялар, Жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ аэроғарыш саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлау мәселелері қарастырылды.

Тараптар екі елдің бейінді ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге және ғарыштық технологиялар мен цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды.

Асет Исенали Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғарыштық зерттеулер мен инновациялар саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтудың елеулі әлеуетін атап өтіп, қазақстандық тараптың кореялық озық тәжірибе мен технологияларды тартуға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Ли Сон Хи соңғы жылдары қалыптасқан қазақстандық-кореялық ынтымақтастықтың берік негізін атап өтті. Ол CONTEC компаниясының қазақстандық серіктестермен өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екенін растап, спутниктік технологиялар мен ғарыштық сервистер саласындағы бірлескен жобалардың келешегі зор екенін айтты.

Кездесуде ҚР Президентінің 2026 жылғы қыркүйекке жоспарланған Корея Республикасына сапарына дайындық мәселелері және жоғары технологиялар мен инновациялық ынтымақтастық саласындағы жаңа бастамаларды ілгерілету мүмкіндіктері де талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.

International Space Summit 2026 саммиті әлемнің түрлі елдерінен жетекші ғарыш агенттіктерінің, ғылыми орталықтардың және жоғары технологиялық компаниялардың өкілдерін жинап, жаһандық ғарыш индустриясының даму перспективалары мен халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Саммит аясында Қазақстан Республикасының ұлттық павильонының жұмысына ерекше назар аударылды. Экспозицияда отандық ғарыш саласының әлеуеті мен қазақстандық аэроғарыш кәсіпорындарының заманауи әзірлемелері таныстырылды.

Қазақстанның ұлттық стенді ғарыштық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерді халықаралық деңгейде ілгерілетуге, сондай-ақ шетелдік серіктестер мен инвесторлармен жаңа байланыстар орнатуға ықпал ететін маңызды алаңға айналды.